Жазылмайтыны белгілі науқастың өзіне қол салуына бола ма?

11 ақпан 2019 10614 0
Оқу режимі

Ассалам алейкум! Ауруынан қатты күйзеліп, қайта айығудан үміті үзілген адам өзіне қол салуына бола ма? Немесе біреуден өтінуге бола ма? Доктор Х


Жауап

Уа алейкум салам!

Қайта жазылудан үміті үзілген адам немесе қандай да бір күйзеліске ұшыраған адам болса да өз-өзіне қол салуына еш ақысы жоқ. Біреуден өтінуіне де жол жоқ. Бәлкім, Алла ол адамға шығыс жолын басқашалай дайындаған болар. Алла Тағала:

وَلَا تَقْتُلُوا أَنْفُسَكُمْ إِنَّ اللهَ كَانَ بِكُمْ رَحِيمًا

«Және бір-біріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді»[1],– дейді. Тағы бір жерде:

وَمَنْ يَقْتُلْ مُؤْمِنًا مُتَعَمِّدًا فَجَزَاؤُهُ جَهَنَّمُ خَالِدًا فِيهَا وَغَضِبَ اللهُ عَلَيْهِ وَلَعَنَهُ وَأَعَدَّ لَهُ عَذَابًا عَظِيمًا

«Кім бір мүмінді әдейі өлтірсе, оның жазасы, ішінде мүлде қалатын тозақ болады. Сондай-ақ, оған Алланың ашуы, қарғысы болып және оған зор қинау әзірлеп қойған»[2],– дейді. Міне, осы және осыған ұқсас аяттар нақақтан адамның жанын алуға нақты тыйым салуда.

Ал, Жундуб (р.а) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген:

كَانَ بِرَجُلٍ جِرَاحٌ فَقَتَلَ نَفْسَهُ، فَقَالَ اللهُ: بَدَرَنِى عَبْدِى بِنَفْسِهِ، حَرَّمْتُ عَلَيْهِ الْجَنَّةَ

«Бір адамның жарақаты бар еді. Сол үшін ол өзіне қол салды. Сонда Алла ол туралы: «Құлым Менің әмірім келместен жанын шығаруға асықты. Оған жәннат нәсіп емес», –деді»[3].

Осы сынды аяттар мен хадистерден анық болғандай, адамның жанын алу – ауыр күнә әрі үлкен қылмыс. Сол себепті де, қандай жағдай болмасын, нәтижесінің қандай боларына қарамастан адамның өзіне қол салуына шариғат еш рұқсат бермейді.

Ең дұрысын Алла біледі!

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] «Ниса» сүресі, 29-аят.
[2] «Ниса» сүресі, 93-аят.
[3] Бұхари.

Пікірлер Кіру