Ақыры үйленем ғой деген қызбен тойға дейін жақындассам бола ма?

21 ақпан 2019 14251 0
Оқу режимі

Ассалам алейкум. Жүріп жүрген қызым бар еді. Онымен үйленетін уақытымызды да белгілеп қойдық. Енді үйленетініміз нақтыланғаннан кейін онымен жақындаса беруіме бола ма? Шариғат бұған рұқсат бере ме?


Жауап

Уа алейкум ассалам. Ислам шариғатында ер мен әйел арасындағы жақындасу тек неке қиылғаннан кейін ғана басталады. Оған дейінгі кезеңдерде ер мен әйелдің арасы бөтен адамдар ретінде қала береді. Үйленетін уақытты белгілеу – қызбен жақындасуға себеп бола алмайды.

Үйленем деуші адам шариғат бойынша қыздың тек жүзіне, білезікке дейінгі екі қолы мен тобыққа дейінгі аяқтарына ғана қарай алады. Фиқх ғалымдарының бұл мәселедегі сөздерін тізбектеген шейх Уаһба Зухайли: «Көпшілік фиқх ғалымдарының көзқарасында сөз салушы адам сөз салынған қыздың жүзіне және екі алақанына ғана қарауына болады. Себебі бұл екеуі қыздың сұлулығы мен дене бітімінен толық хабар береді... сонымен қатар Абу Ханифа тобыққа дейінгі екі аяғына қарауды да рұқсат көрген»[1], – дейді.

Тоқетері: үйленеміз деп уәделескен адам некелеріңіз қиылғанша бөтен болып қала бермек. Жақындасу некеден кейін ғана рұқсат етіледі. Некеге дейінгі жақындасу – зина, зина болса, өз кезегінде күнә. 

Алла сабырлық беріп, жүзіңізді құрметінен айырмасын.

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] Әл-Фиқхул-слами уа адилләтуһу

Пікірлер Кіру