Тәһажжуд намазын ұйықтамастан оқыса бола ма?

09 маусым 2018 47210 0
Оқу режимі

Ассалам алейкум. Менің бір сұрағым бар еді, қазір Рамазан айының түндері едәуір қысқа. Тарауықтан кейін үйге келгеннен кейін сәресінің уақыты да таяп қалады, ұйықтап үлгермейсің... Осы кезде намаз оқысам, оны тахажжуд ниетімен оқысам бола ма? Нұркелді Советхан

Сәлеметсіз бе? Тахажжуд намазын оқу үшін міндетті түрде ұйықтап тұру керек пе?  Балнұр Dentist


Жауап

Уа алейкум ассалам. Тәһажжуд намазы түнгі намаздардың ішіне кіреді. Тілдік мағынада «тәһажжуд» сөзі – ұйқыдан кейін тұру дегенді білдіреді. Кейіннен бұл атау ұйқыдан тұрып оқылатын намазға қолданылып кеткен. Бұл пікірді айтқан ғалымдар – Әсуад, Алқама, Абдурахман ибн Әсуад т.б.[1]

Егер түнде ұйықтамастан намаз оқысаңыз оны түнгі ғибадат деп ниет етсеңіз болады. Бұл намаз – ұйқыдан кейін болмаса да да өте сауапты амал. Себебі Пайғамбарымыздан (с.ғ.с): «Парыз намаздардан кейінгі ең қайырлы намаз қай намаз?» – деп сұралғанда: «Түнгі намаз», – деп жауап берген[2].

Сонымен қатар, түнгі ғибадат тек намазбен шектелмейді. Ол туралы Имам Шурумбуләли (р.а) былай дейді: «Қиямул-ләйлдың[3] мағынасы  – түннің басым уақытында құлшылықта болу дегенді білдіреді. Кей көзқарастар бойынша түннің бірер уақытын құлшылыққа арнау қиямул-ләйл ретінде есептеледі. Яғни ол уақытта Құран оқиды, хадис тыңдайды, зікір жасайды, Пайғамбарға (с.ғ.с) салауат айтады т.б.»[4].

Ал, біздің қарастырып жатқан тәһажжуд намазы ол ұйқыдан кейін оқылады. Оған дәлел Хажжаж ибн Амр Ансари (р.а) атты сахабаның тәһажжудке берген анықтамасы:

يحسب أحدكم إذا قام من الليل يصلي حتى يصبح أنه قد تهجد , إنما التهجد أن يصلي الصلاة بعد رقدة , ثم الصلاة بعد رقدة , وتلك كانت صلاة رسول الله صلى الله عليه وسلم

«Кейбірің түннен бастап таң атқанға дейін оқыған намазын тәһажжуд оқыдым деп ойлайды. Алайда, тәһажжуд деген қысқа ұйқыдан кейінгі намаз, қысқа ұйқыдан кейінгі намаз. Алла елшісінің (с.ғ.с) намазы осындай еді»[5], – деген.

Сонымен қатар, «Исра» сүресінің 79-ші аятындағы Алла Тағала:

وَمِنَ اللَّيْلِ فَتَهَجَّدْ بِهِ نَافِلَةً لَكَ عَسَى أَنْ يَبْعَثَكَ رَبُّكَ مَقَامًا مَحْمُودًا

«Түннен оянып, (Құранмен) өзіңе тән нәпіл оқы. Раббыңның сені бір мақтаулы орынға жеткізуінен үміт етіледі», – деп бұйырады. Тәпсіршілер бұл аятты ұйқыдан кейінгі намаз тәпсірлеген[6]. Онымен қоса, Айша, Ибн Аббас және басқа да сахабалардан (р.а) жеткен хадистерде  Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ұйықтап, содан кейін қайта тұрып намаз оқығаны баяндалған.

Тоқетерісі: егер ұйықтап үлгермеймін десеңіз, намазыңызды жалпы түнгі ғибадат ретінде оқысаңыз болады. Ал, тәһажжуд болса, ұйқыдан кейін оқылатын намаз. Намаздың ерекшелігі де осында.

Ең дұрысы Аллаға мәлім.

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] Ибн Кәсир тәпсіріне қараңыз.
[2] Бухари, Муслим.
[3] Түнгі намаз немесе түнгі құлшылыққа тұру мағынасын береді.
[4] Марақи Фалах кітабынан.
[5] Табарани; Талхисул-хабир
[6] Ибн Кәсир мен Қуртубидің тәпсірлеріне қараңыз.

Пікірлер Кіру