Марқұм ата-анадан кешірім қалай сұралады?

19 тамыз 2019 13077 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Анам дүние салғанына көп бола қойған жоқ. Өмірінің соңғы айларда менің үйімде болды. Аурушаң кісі болған соң, ананы-мынаны істеп бер деп көп айтады. Күндіз шамам келгенше істеп жүрдім, ал түн мезгілде жұмыс бар, басқа бар дегендей шаршап істей алмаған кездерім көп болды. Анам қайтыс болған соң, өзімді қоярға жер таппай жүрмін. Өзімді кінәлі сезінемін, анамнан қалай кешірім сұрасам болады? Самат


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Ана алдында перзенттік парызыңызды дұрыс өтей алмадым деп сезінсеңіз, ең әуелі Алла Тағалаға шынайы тәубе еткен дұрыс. Мұнан соң, қате-күнәсінің кешірілуі үшін анаңызға арнап дұға жасаңыз және анаңыздың атынан садақа беріңіз.

Сонымен бірге, анаңыздың туыстарымен ара-қатынасыңызды түзеңіз. Өйткені, бір кісі Алла елшісіне (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алла елшісі! Ата-анам бақилық болған соң оларға менің жасайтын тағы да бір жақсылығым бар ма?» - деп сұрағанда, Пайғамбар (с.ғ.с.): «Иә, бар. Ата-анаңа дұға ету, олардың ақысына истиғфар айту, оларға берген уәдені орындау, екеуінің ағайын-туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болу және дос-жарандарына жақсылық жасап тұру»,[1] - деген екен.

Қорыта айтқанда, адам баласы ата-анасына бақилық болған соң да кешірім сұрауына және жақсылық жасауына мүмкіндігі бар. Дегенмен, ата-ананың көңіліне қаяу түсіру үлкен күнә және дұға-тілегінің қабыл болмауының басты себептерінің бірі екенін ұмытпаған жөн.

 


[1] Әбу Дауд, Ибн Мәжа

Тегтер: марқұм дұға
Пікірлер Кіру