1500 ОТБАСЫҒА «РАМАЗАН ҚОРЖЫНЫ» ТАРАТЫЛДЫ (ФОТО)

11 сәуір 2023 2043 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ Астана өкілдігіне қарасты «Зекет және қайырымдылық» қоры «YDA» құрылыс компаниясымен бірлесе отырып, «Рамазан қоржыны» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Ізгілік акциясы аясында Елорданың орталық мешіті – «Әзірет Сұлтан» мешітінде әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік жиынтығы таратылды. Қайырымдылық акциясына қала бас имамы Ерболат Нұрылдаұлы қатысып, игі шараның мақсатын атап өтті. ҚМДБ Зекет және қайырымдылық қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев Астана мешіттерінің қызметкерлеріне аталған акцияның маңыздылығын түсіндіріп, «Рамазан қоржынын» алуға келген отбасыларды Рамазан айымен құттықтады.

«Әзірет Сұлтан» мешітінен 150 отбасыға «Рамазан қоржыны» берілсе, қалған бір бөлігі Астана мешіттерінде таратыла бастады. Сондай-ақ, азық-түлік дорбасы Елордадағы медреселер мен қарилар орталығына да табысталды. Қасиетті айда берілген «Рамазан қоржыны» мейірім айында 1500 отбасының көңіліне шуақ сыйлады.

Жиын барысында игі шараға демеушілік білдірген «YDA» құрылыс компаниясының Қазақстандағы өкілі Адем Қаракөз сөз сөйлеп, компания басшылары Хусейн Арслан мен Жунейд Арсланның сәлемін жеткізді.

ҚМДБ Зекет және қайырымдылық қорының Астана қаласы бойынша жауапты маманы Мерей Қанатұлы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасына сай өткен қайырымдылық акциясы Рамазан соңына дейін жалғасатынын атап өтті.

 

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру