Әл-Азхардағы қазақ студенттерінің рухани кездесу кеші өтті
Каир қаласында Әл-Азхар университеті ғалымдарының қатысуымен «Ислам және адал қоғам» жылы аясында, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің бастамасымен «Ізгілік пен жауапкершілік жолы» тақырыбында Әл-Азхардағы қазақ студенттерінің рухани кездесу кеші өтті.
Жиынның басында ҚМДБ-ның Мысырдағы өкілі Руслан Амантұрсынұлы сөз сөйлеп, «Ислам және адал қоғам» жылының мән-маңызы мен қоғамдағы рөлі туралы кеңінен баяндап, жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар, ол қазақ халқының салт-дәстүрлеріне тоқталып, ұлттық құндылықтардың маңызын атап өтті. Сондай-ақ, шариғатта кейбір үкімдердің халықтың қалыптасқан салт-дәстүріне де негізделіп шығарылатынын жеткізді.
Аталған рухани кездесу Сұлтан Бейбарыс мәдени орталығында өтті. Сонымен қатар, Әл-Азхар университетінің Ислам және құқық факультеті деканы, профессор Ато Сунбати және Каир университеті құқық факультетінің бөлім басшысы доктор Мұхаммад Әбдулһади арнайы қатысып, тақырып аясында студенттерге маңызды баяндама жасады.
Кеш барысында ізгілік, жауапкершілік және адалдық құндылықтары кеңінен насихатталып, жиын қатысушыларына рухани серпіліс сыйлаған әсерлі кездесу болды. Шара соңында студенттерге ҚМДБ өкілдігі тарапынан арнайы дастарқан жайылды.





Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру
Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі