Әл-Фараби туралы анимациялық фильм жарыққа шықты (ФОТО)

15 сәуір 2019 7486 0
Оқу режимі

«САҚ» киностудиясы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында соңғы екі жылда қазақ халқының біртуар тұлғалары туралы бірнеше анимациялық фильмдер дайындап шығарды. Керей мен Жәнібектен басталып, Қажымұқан, Бәйдібек бимен жалғасқан туындылардың қатары жуырда әйгілі ғұлама әл-Фараби туралы тарихи-анимациялық картинамен толықты.

Түркістан облысы әкімдігінің тапсырысымен «Оңтүстікфильм» КММ-сімен бірігіп дайындаған анимациялық фильмнің атауы – «Оқсыз оқиғасы». Фильмде әлемге әйгілі ғұлама әл-Фарабидің балалық шағы, білімге деген алғашқы қадамы, жаңашылдыққа деген ұмтылысы сипатталады. Білімін ел игілігіне жұмсаған ғұламаның еліне деген сүйіспеншілігі, Отанға қызмет етудегі қайраткерлігі суреттелген. Тарихи деректерге сүйенсек, Әл-Фараби қазіргі Отырар ауданы аумағындағы Оқсыз қалашығында дүниеге келген.  Сондықтан фильмнің аты да «Оқсыз оқиғасы» деп қойлыған.  3D форматта әзірленген фильмнің ұзақтығы – 25 минут.  Режиссері – Нуриддин Паттеев, сценариін Бақытжан Құлжабай жазса, композиторы – Әйтеке Көптілеу және қоюшы суретшісі – Самат Нұралиев.

Анимациялық фильмді түсірудегі мақсат – жас ұрпақты отансүйгіштікке баулып, адал әрі білімді болуға шақыру. Ұлы тұлғаларға, тарихқа деген құрметті ояту, – дейді туындының режиссері Нуриддин Паттеев.

Оның сөзіне сүйенсек, «САҚ» киностудиясы былтырдың өзінде облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен «Күш атасы – Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» анимациялық фильмдерін және «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая мен «Ұлы Жібек Жолы бойындағы көне қалалар» деректі фильмін, «Ордабасы – бірліктің туы» фильмдерін жұртшылыққа ұсынды.  Жақында «Түркістан» анимациялық фильмі мен «Төле би» атты 10 сериялы кинохикая да көрерменге жол тартады.

Дереккөз: Түркістан облысы әкімдігінің ресми сайты

Пікірлер Кіру