«Астана - мейірімді қала» жобасы жалғасу үстінде (ФОТО+ВИДЕО)

06 февраль 2019 590 0
Оқу режимі

Арқаның сарышұнақ аязы Астана қаласын тоңдырып тұрғанына бүгін бірнеше күн болды. Ұйтқи соққан қарлы боран мен сақылдаған сары аяз шаһар тіршілігін саябырсытып, қыс қаһарын танытып-ақ тұр. Жұрттың жылы үйінен шыққысы келмегенімен, күнделікті тірліктің күйбеңі таусылатын ба еді?!

Осы орайда ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің бастамасымен іске қосылған «Астана – мейірімді қала» жобасы аясында қала тұрғындарына тегін такси қызметі ұсынылып, қақаған аязға қарамай қоғамдық жұмыстарды жалғастырып жүргендерге ыстық тамақ тарату істері жолға қойылып отыр. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасы негізінде аталмыш жоба Астана қаласының барлық мешіттерінде бастау алып, аязды күндер аяқталғанша жалғасатын болмақ.

Айта кетейік, термометр тілшігі тым төмендеп кеткен осы күндер ішінде аталмыш жоба аясында жалпы саны 150-ден астам жолаушы үйлеріне тегін жеткізіліп, 120 жұмысшыға ыстық тамақ таратылған. Бет қарыған боранды күндері жан жылуымен бөлісіп, жанашырлықтың жарқын үлгісіне айналған жоба апта соңына дейін жүргізіледі.

 Айта кетейік, ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілдігінің бастамасымен іске қосылған «Астана – мейірімді қала» жобасы бұған дейін бірнеше мәрте ұйымдастырылған болатын. Жамағатты жұмылдыру арқасында аязды күндері тегін такси қызметі қосылып, мешіт қызметкерлері көше аралап, жұмысшыларға ыстық тамақ таратқан болатын.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру