ӘЙЕЛ ЖАМАҒАТЫНА ДЕМАЛЫС ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ (ФОТО)

28 мамыр 2023 1872 0
Оқу режимі

Бүгін «Әзірет Сұлтан» мешіті ұстаздарының ұйымдастыруымен  биылғы оқу жылын жемісті аяқтаған әйел шәкірттерге «BalQaragai» демалыс орынында рухани ойын-сауық шарасы ұйымдастырылды.

Таңертең мешіт ауласынан аттанған 200 шәкірт бір мезетте қаладан 21 км қашықтықта орналасқан демалыс кешеніне жүріп кетті. Үш автобусқа бөлінген ұстаздар жол бойы Пайғамбарымыздың кезеңінен ғибратты оқиғалар айтып, бүгінгі күннің берекелі болуын тіледі. Демалыс орынына жеткеннен кейін ұстаздардың уағызымен көркемделген таңғы ас, одан кейін жамағатпен бірігіп, ынтымаққа үндейтін эстафеталық ойындар ойнатылды. Топпен ұйымдастырылған ойындар да, түскі аста да, табиғат аясындағы пикникте де ұстаздар әр істің хикметін айта отырып, уағыз-насихат жүргізді.

Бүгінгі қоғамдық шараның өтуіне ұйытқы болған Астана қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Жүсіпов Ерболат Нұрылдаұлы арнайы келіп, шәкірттерді Құран үйренудегі жетістіктерімен құттықтап, әйел адам үшін білім алудың қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Ол Құран үйренудің артықшылығы туралы уағыз-насихатынан кейін мешіт ұстаздары Эльмира Серікбайқызы, Зарина Шамидуллақызы, Әсел Дүйсебекқызы, Мухлиса Сайдуллақызы және Татьяна Сыщенкоға өз алғысын білдіріп, шәкірттердің алдында ұстаздарының мәртебесін көтерді.

Бауырмашылықты арттырып, Алланы еске алумен берекелі өткен күн үшін шәкірттер де өз ризашылықтарын білдірді.

Айта кетейік, өткен аптада биылғы оқу жылын сәтті аяқтаған 400 шәкірт қорытынды емтихан тапсырған болатын.

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру