«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ МӘУЛІТ ОҚЫЛДЫ (ФОТО)

20 қыркүйек 2024 424 0
Оқу режимі

Бүгін, қасиетті жұма күні Елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде Мәуліт мерекесі аталып өтті. Күндердің сұлтаны болған жұмадағы Мәуліт мерекесі жамағатты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйікті жемісі – құрма және зәмзәм суымен қарсы алып, арнайы дұғалар жазылған қалта қағаздарын сыйлаумен басталды.

Жұмаға жиылған жамағатқа ардақты Пайғамбарымыз туылған мәуліт айының қадір-қасиеті туралы айтылып, мәуліт жырының маңызына түсіндірілді. Бұдан соң Мәуліт жыры оқылып, сүйікті Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сансыз салауаттар жолданды.

Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Расында, Алла және періштелер Пайғамбарға салауат айтады. Әй, мүміндер! Оған салауат және ықыласпен сәлем келтіріңдер», – деп бұйырады. Ал, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өзі: «Қияметте маған ең жақын адам – маған көп салауат айтқан адам», – деген екен.

Құлшылық ордасының ішін мүміндердің риясыз айтқан салауаттары мен Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігі толтырып, Мәуліт мерекесінің шуағы жайыла түсті. Жамағатпен бірге жасалған дұға да еліміз бен жеріміздің амандығын сұрап, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шапағаты нәсіп болуын тілеумен аяқталды.

Пікірлер Кіру