Бас имам ардагер ақсақалды Жеңіс мерекесімен құттықтады (ФОТО)

10 мамыр 2018 10859 0
Оқу режимі

Бүгін республикалық «Әзірет Сұлтан» мешіті Астана қаласындағы ардагер ақсақалдарды зиярат етіп, Жеңіс мерекесімен құттықтап қайтты. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы өзі бас болып, мешіт қызметкерлері асылдың сынығындай аз қалған ардагер қарияларды құттықтап, ізі дұғалары мен ілтипат-сыйлықтарын тарту етіп қайтты.

Кешегі қанқұйлы күндердің келмеске кеткенін әйгілеп, бейбіт заманда өмір сүріп жатқанымызға тағы бір жыл қосылғанын паш ететін Жеңіс мерекесінің мән-маңызы, қадір-қасиеті бүгінгі ұрпақ – біздерге беймәлімдеу болғанымен, қариялар үшін бұл отты күннің орны айрықша. Өйткені, бұл күн үшін олар қаншама азапты бастан кешіріп, өмір мен өлімнің арасында, от пен оқтың ортасында жүріп күресті. Бұл күн үшін батыр аталарымыз майдан даласында намыстың отын лаулатса, бұл күн үшін тылдағы күллі қазақ даласы еңбектің көрігін қыздырды. Сұм соғыстың салмағы басып-жаныштағанда, еңбек майданындағы ерліктердің де ересен үлгісі бой көтерді емес пе?!

Наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған топтың бүгінгі мерейлі мерекемен құттықтап, зиярат етіп шыққан Орманұлы Мәлік ақсақал да отты жылдардың салмағын еңбек майданында сезініп, қабырғасы қатпай жатып қара жұмыспен танысқанын еске алады. Ия, ол заман ешкімнің басынан сипамады. Алайда, жастайынан көрген қиыншылықтың әсерінен ақсақалдың аяғы да басқызбай, ақыр соңында екінші топтағы мүгедектікке жеткізіп тынған екен. Көзін еңбекпен тырнап ашып, бір түйір нан қоқымын қадірлеп өскен қария бүгінгі таңда арнайы үкімет шешімімен Ұлы Отан соғысы ардагері дәрежесіне теңестірілген екен.

Көргені мен түйгені мол ақсақал кешегі қиын-қыстау заманнан естелік айтып, елдің сол кездегі ынтымақ-бірлігі мен қайрат-қажыры жайында сыр шертті. Қарияның ақ батасы да бейбіт күніміздің бұзылмауынан басталып, еліміз бен жеріміздің, дініміздің тыныштығы бүлінбеуін сұраумен аяқталып жатты. Наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да ақсақалға ізгі тілегін білдіріп, ғибратқа толы ғұмырын ұзақ болуына дұға жасады.

Пікірлер Кіру