Бас мешіт қызметкерлері зағип жандарға Мәуліт мерекесін ұйымдастырды (ФОТО)

27 қараша 2018 265 0
Оқу режимі

Ардақты Алла елшісі (с.ғ.с.) туылған айдың құрметіне орай бүгін Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешіті Зағиптар кітапханасында Мәуліт мерекесін ұйымдастырып, орталықтағы зағип жандарға ілтипат танытты. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен ұйымдастырылған ұлық мереке аясында осы орталықтағы зағип шәкірттерге сыйлықтар үлестіріліп, есте қаларлық ерекше мейрам ұйымдастырылды. «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Қуат Ерғалиұлы құлшылық ордасы атынан құттықтау лебізін білдіріп, Мәуліт мерекесінің мән-маңызы жайында жеткізді.

Естеріңізде болса, Астана қаласындағы Зағиптар кітапханасында алты жылдан бері Брайль жүйесі бойынша алдымен шәкірттерін оқып үйренуге баулып, кейіннен тәжуид сабақтарын өткізіп келе жатқан Бақытжамал  Кәрібайқызының ұстаздық ерлігі мен ерен еңбегі жайында портал бетінде бұған дейін де бірнеше мәрте жазған болатынбыз. Көздері көрмесе де, көкіректері сайрап тұрған 20-дан астам шәкірттерінің кез келгені қасиетті Құран Кәрімді судыратып оқып, айналасындағыларға имандылық нұрын таратып жүргені де сайтымыздың оқырмандарына бұрыннан белгілі болса керек.

Ақ қағаз бетіндегі арнайы тесіктер арқылы оқып үйреніп, Құран тәжуидін меңгерген Зағиптар орталығының шәкірттері 2016 жылы арнайы емтихан тапсырып, республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің Діни сауат ашу курсының І дәрежелі сертификаттары табысталған болатын. Орталық ашылғалы бері қамқорлық көрсетіп келе жатқан «Әзірет Сұлтан» мешіті бұл жолы да зағип жандардың жанынан табылды. Жанарынан айырылса да, жігерлері мұқалмаған аға-әпкелерін Мәуліт мерекесімен құттықтауға «Астана» медресе колледжінің шәкірттері арнайы келіп, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат жырын орындап қайтты.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру