Бас мешіт шәкірттері арасында волейбол турнирі өтті (ФОТО)

25 қараша 2018 7268 0
Оқу режимі

Бүгін Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің шәкірттері арасында волейбол турнирі өтті. Қазіргі таңда 600-ден астам шәкіртке білім алып жатқан «Әзірет Сұлтан» мешітінің діни сауат ашу курсындағы тәлімгер арасындағы турнир жалпы саны 10 команда қатысып, өзара сайысқа түсті. Әр имам мен ұстаздың тобынан жасақталған сайдың тасындай жігіттер арасындағы спорттық сайыс жанкүйер жамағаттың ықтық ықыласына бөленіп, салауатты өмір салтын ұстанудың жарқын үлгісін көрсетті.

Жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан Бас мешіт шәкірттері арасындағы дүбірлі додаға жанкүйерлік танытып, қолдау көрсетуге ҚМДБ наиб мүфтиі Алау Әділбаев, Астана қаласы әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығының басшысы Долиев Жапал, Қоғамдық даму істер басқармасының бас маманы Әділет Төлеутаев және Бокстан әлем және Азия чемпионы Мерей Ақшаловтар қатысып, өз құрметтерін танытты. Жүзден жүйрік шығып, турнир жеңімпазы атанған командаларға жүлде табыстау рәсіміне қатысып, ізгі тілектерін жеткізді.

Еліміздің Әнұраны асқақтап, шәкірттер бойында отансүйгіштік сезімді оятып басталған тартысты турнир қатысушыларына наиб мүфти Алау Әділбаев өз тілегін білдіріп, шариғатымызда салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шүғылданудың маңыздылығы жайында айтып өтті.

Мешіт шәкірттерінің спорттық шеберліктерін сынға салған волейбол турнирінің қорытындысы бойынша жүлделі І-орын ұстаз Айбек Қырықбаевтың тобынан жасақталған «Достық» тобына берілді. Ал, ұстаз Дінмұхаммед Сманов шәкірттерінен құралған «Жалын» командасы ІІ-орынға тұрақтады. «Әзірет Сұлтан» мешітінің орыс тілді шәкірттерінен құралған Мақсатбек Қайырғалиев ұстаздың «Muslim.kz» командасы ІІІ-орынды иеленді. Жүлдегер командалардың барлығы арнайы «Алғыс хатпен» марапатталып, ақшалай сыйлыққа қол жеткізді.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру