Бас мешітте зағип жандарға ауызашар берілді (ФОТО)

22 мамыр 2019 2056 0
Оқу режимі

Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі «Берекелі Рамазан» ауызашар дастарханының бұл жолғы қонақтары Нұр-Сұлтан қаласындағы Зағиптар орталығының шәкірттері болды. Шәкірттер деп айтуымыздың да өзіндік себебі барын көзі қарақты оқырманымыз білетін болар. Сайт жаңалықтарында бұған дейін бірнеше мәрте бұл ата-әжелеріміздің Елордамыздағы зағип жандарға арналған орталықта арабша хат танып, діни сауат ашып келе жатқанын жазған болатынбыз.

Жер ортасынан асқан шағында жанарынан айрылған Бақытжамал Кәрібайқызының Брайль жүйесімен оқуды үйретіп, осы орталықта шәкірт тәрбиелеп келе жатқанына бүгінде бірнеше жылдың жүзі болды. Жыл санап шәкірттерінің саны көбейіп, тағдырлас жандарды табыстырып келе жатқан Зағиптар орталығына «Әзірет Сұлтан» мешітінің қамқорлығы мен қолдауы да қашанда көрсетіліп келеді.

Берекелі дастархан басында орталық мүшелері мен «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Қуат Ерғалиұлы емен-жарқын әңгіме құрып, түрлі тақырыптар төңірегінде сұхбаттасты. Орталық мүшелеріне бірнеше жылдан бері жақыннан таныс болған мешіт қызметкеріне Бақытжамал Кәрібайқызы бастаған құрметті қонақтар өз алғыстарын білдірді.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру