Бас мешіттегі «Берекелі Рамазан» дастарханынан дәрігерлер дәм татты (ФОТО)

14 мамыр 2019 284 0
Оқу режимі

Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі ауызашар дастарханына кеше Елордамыздағы дәрігерлер қауымы шақырылып, құрметті мейман болып қайтты. Айта кетейік, биылғы жылы Бас мешітте күн сайын 600 жанға тегін ауызашар беріліп келеді. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының басатмасымен былтырғы жылдан бастап қаламыздағы түрлі мамандық иелері (дәрігерлер, ұстаздар, спортшылар, өнер және мәдениет өкілдері, журналисттер, көше тазалықшылары, ерікті жастар ұйымы, т.б) және әлеуметтік ұйым өкілдері (Қарттар үйі, Балалар қалашығы, Зағиптар қоғамы, мүгедектер қауымдастығы, т.б.) арнайы ауызашар дастарханына шақырылып, «Берекелі Рамазан» шуағымен бөлісіп келеді.

«Әзірет Сұлтан» мешітінің конференция залында арнайы әзірленген «Берекелі Рамазан» дастарханына бұл жолы қаламыздағы Жедел жәрдем қызметінде жұмыс істейтін 60 жан шақырылды. Мешіт ұстазы Үсен Сәуірбаев қонақтарға қасиетті Рамазан айы жайында тұшымды уағыз айтып, ауызашар дастарханынан рухани нәр алып қайтуыларына себепші болды.

«Берекелі Рамазан» дастарханына Рамазан бойы жоғарыда айтылған қонақтар кезекпен шақырылып тұратын болмақ. Қоғам арасында қасиетті Рамазан айының қадірін арттырып, халыққа қызмет жасап келе жатқан жандарға құрмет таныту – құлшылық ордаларының қашанда басты қағидасы болып қала бермек.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру