Бас мешіттегі «Имани жаз» жазғы сауат ашу курсы аяқталды (ФОТО)

21 маусым 2022 764 0
Оқу режимі

Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде маусым айының басында басталған «Имани жаз – 2022» жазғы сауат ашу курсы бүгін өз мәресіне жетіп, бала шәкірттермен қоштасу кеші болып өтті. Шара басталмас бұрын мешіт ауласында бала шәкірттер үшін «Шашу» отбасылық ансамблі өнер көрсетіп, күймен сусындатты.

Бұдан соң жазғы сауат ашу курсының шәкірттері арнайы жайылған мерекелік дастарханға жайғасып, концерттік бағдарлама тамашалады. Айта кетейік, концерттік бағдарлама түгелімен шәкірттердің қатысуымен құрылып, 20 күндік жазғы сауат ашу курсында білген білімдері мен үйренген дүниелерін көрермен болып келіп отырған ата-аналарына паш етті. Салтанатты шараның өзі бүлдіршін шәкірттің Құран оқуымен ашылып, ары қарай әртүрлі жастағы шәкірттердің өнерлеріне жалғасты. Бірі Ыбырай бабамыздың өлеңіне мәнерлеп оқып, замандастарын білім алуға шақырса, енді бір топ хормен ата-анаға дұға жасап, көрермендердің көзіне жас үйірді. Сондай-ақ, шәкірттер Алла Тағаланың 99 көркем есімін де жатқа айтып, жиналғандарды тағы бір таңғалдырды. Шара соңында ересек шәкірттер Жазғы сауат ашу курсы жайлы өз ойларын білдіріп, ұстаздар қауымына өз алғыстарын білдірді.

Айта кетейік, биылғы жылы «Әзірет Сұлтан» мешіті ұйымдастырған жазғы сауат ашу курсына 500-ден астам шәкірт қабылданған болатын. Бала шәкірттер 20 күн ішінде «Құран әліппесі» және «Имандылық әліппесімен» танысып, «Тәрбие дәрістерін» тәмамдап шықты. Шәкірттердің барлығы оқу бағдарламасын аяқтағаны үшін арнайы «Анықтамамен» марапатталды.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру