Бас мүфти аудандық Мағжан Жұмабаев мешітінің іргетасын қалады (ФОТО)

17 қазан 2021 2547 0
Оқу режимі

Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданында ақын есімімен аталатын мешіттің іргетасын қалады.

Игі іс-шарада Наурызбай қажы Тағанұлы: «Халқымызда: «Азаны бар ауыл азбайды» деген нақыл бар. Мешіт – барша жақсылықтың тоғысқан құтты мекені. Мешіт – Алланың үйі. Іргетасы қаланған бұл мешіт құлшылықтың ғана ордасы болып қалмай, рухани һәм мәдени-ағарту, бірлік пен берекенің ошағына айналады деген сенімдемін.

Жаңа мешіт, сонымен қатар, салт-дәстүріміздің, тағылымға толы тарихымыздың насихатшысы, әрі қайырымдылықтың орталығы болмақ. Мешіт салу – сауабы үзілмейтін сауапты іс! Осы Алла үйінің құрылысын қолға алған дініміздің жанашыр азаматтарына, тілеулестік білдірген барша жамағатқа өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұжымы атынан алғыс айтамын. Алла разы болсын.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Халқымыздың бірлігі нығайып, берекесі арта бергей! Тәуелсіздігіміз әрқашан баянды болғай! Әмин!» деді.

Мешіттің іргетасын қалау рәсімінен кейін Бас мүфти Мағжан Жұмабаевтың рухына арнайы Құран бағыштады.

Айта кетсек, аудан орталығы Булаев елді мекенінде іргетасы қаланған мешітте бір мезетте 300 адам намаз оқи алады.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру