Бірлігіміз баянды болғай!

02 мамыр 2022 2235 0
Оқу режимі

Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Әр отбасыға бақыт пен береке, бірлік пен татулық тілеймін.

Имандылықтың алтын ұясы болған асыл дініміз Ислам адамзатты бейбітшілікке үндеп, бірлікке шақырады. Алла Тағала Құранда: «Барлығың Алланың жібінен ұстанып, өзара топ-топқа бөлінбеңдер» («Әли Имран» сүресі, 103-аят) деп ескертеді. Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың сәлемі мен салауаты болсын): «Мүміндер кірпіштерден қаланған бір ғимарат іспеттес» деп бірлік пен ынтымақтың маңызын баяндайды.

Расында, бірлік пен бейбітшілік басты құндылықтарымыздың бірі. Біз жыл басында діни қызмет аясында имамдар үшін 2022 жылды «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» жылы деп жарияладық. Бұл бастама еліміздің тұрақтылығы мен тыныштығын нығайтуға оң ықпал етіп келеді.

Қазіргі әлемдегі күн сайын құбылған ұстанымдар мен тұрақсыздық қазақ халқының: «Күшенген жеңбейді, күші көп жеңеді» деген мақалының өміршеңдігін дәлелдеді. Расында, халқымыз айтқандай, «Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас».

Алла Тағала халқымызға амандық, жұртымызға тыныштық, бірлігіміз бен бейбітшілігімізді, тәуелсіздігімізді баянды еткей. Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру