ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АРАСЫНДА ФУТБОЛДАН САЙЫС ӨТТІ
Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлының бастамасымен Спорт күніне орай елордадағы дін қызметкерлері арасында футболдан спорттық сайыс өтті.
«Тәні саудың – жаны сау» қағидасын негізге алған додаға Астана мешіттерінен жасақталған алты команда қатысты. Жарыс барысында командалар жасыл алаңда өзара мықтыны анықтап, тартысты ойын көрсетті. Дін қызметкерлері футболдағы шеберліктерін ғана емес, командалық рух пен ұйымшылдықтарын танытты.
Ойын аяқталған соң Астана қаласының бас имамы Нұрбек қажы Әуесханұлы барлық командаларға алғыс білдіріп, үздік нәтиже көрсеткен ойыншылар мен жүлдегерлерді марапаттады.
Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынға «Әзірет Сұлтан» командасы ие болса, екінші орынды «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінен құралған «Қыран» командасы қанжығасына байлады. Ал, «Нұрсұлтан» мешітінен шыққан «Бейбарыс» командасы үшінші орынға табан тіреді.
Қала бас имамы спорттың денсаулықты нығайтумен қатар, ұжымдық бірлікті бекемдеп, әріптестер арасындағы өзара қарым-қатынасты арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар сайысқа белсенді қатысқан барлық дін қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.























Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі