Ғұламалар кеңесінің кезекті мәжілісі Бурабайда өз жұмысын бастады (ФОТО)

09 қазан 2019 4462 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай Ораздың төрағалығымен Бурабайда ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің кезекті XXIII мәжілісі өз жұмысын бастады.

Алқалы жиынға ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, наиб мүфти Бауыржан Әбдірашұлы, аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің хатшысы, Халықаралық қатынастар және хаттама бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров және Ғұламалар кеңесінің мүшелері қатысуда.

Бұл құрылым еліміздегі шариғат талап-тілектері жөнінде пәтуә шығаратын бірден-бір қоғамдық кеңес. Оның құрамына елімізге танымал дінтанушы ғалымдар мен ұстаздар кіреді.
Бүгінгі бас қосуда Ғұламалар кеңесінің құзырына кіретін келелі мәселелер қаралып жатыр. Бұл ретте діни рәсімдер мен діни лауазымдар тізілімін қарап, басқа да шариғи жайларға қатысты ҚМДБ ұстанымын анықтау көзделмек.

Сонымен бірге, Діни басқарма ұсынған Қазақстан мұсылмандары "Рухани тұғырнамасы" жобасы да кеңінен талқыланбақ. Діннің рухани құндылықтарын зерделеп, ұлттық идеямен орайластыру бүгінгі күннің келелі бір мәселесі екені анық. Сондай-ақ бүгінгі жиында бірнеше пәтуаға шешім шығару көзделуде. Одан бөлек "Таухид" кітабының аудармасы да талқыланады.

Айта кетейік, кеңестің отырысы екі күнге жалғасады.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру