Хабиб Нурмагомедов Қарағандыдағы балалар үйінде болды
Кеше аралас жекпе-жектен әлем чемпионы, белгілі ресейлік спортшы Хабиб Нурмагомедов Қарағанды қаласындағы Балалар үйін арнайы зиярат етіп, тәрбиеленушілерімен кездесу өткізді.
«Бүгін, 27-қаңтарда ресейлік ережесіз жекпе-жек шебері Хабиб Нурмагомедов, құпия түрде ешқандай БАҚ өкілдерінсіз Қарағандыдағы балалар үйіне келді. Спортшы тәрбиеленушілерді жақсыға ұмтылуға, спортпен шұғылдануға және теріс әдеттерден аулақ болуға шақырды», - деп жазылған «Қарағанды патриоттары» атты Instagram парақшасында.
«Спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстаныңдар», - деп ақыл берген Хабиб Нурмагомедов балалар үйінің тәрбиеленушілеріне.
Айта кетейік, осыдан біраз уақыт бұрын Қарағандыда тұратын Александр есімді жас жігіт UFC чемпионынан жергілікті балалар үйінің тәрбиеленушілеріне өз өмірі жайлы жазылған кітапты сыйға тартып, оларға спорттағы жетістігі туралы айтып беруді сұраған. Бұл өтініш хатқа жауап берген Нурмагомедов міндетті түрде Қазақстанға келетінін мәлім еткен болатын.