МИНИСТР ТҮРКІСТАНДА ДІН МАМАНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

17 тамыз 2023 2079 0
Оқу режимі

Бүгін Түркістан төрінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында көтерген рухани мәселелер бойынша республикалық дөңгелек үстел өтті.

Жиынға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы, Қазақстан Республикасы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Болатқызы, сондай-ақ ҚМДБ жанындағы Ақсақалдар кеңесінің, Ғұламалар кеңесінің мүшелері, имамдар, еліміздегі жалғыз діни жоғарғы оқу орны Нұр-Мүбарак университетінің, ақпараттық-насихаттау, оңалту орталықтарының өкілдері қатысты.

Министр Дархан Қуандықұлы Ұлттық Құрылтайдың екінші отырысында ел Президенті көтерген рухани мәселелерге қатысты пікірін бөлісіп, дін мамандарының қызметін тілге тиек етті.  

Ал Діни басқарманың руханият саласында атқарып жатқан жұмыстарына тоқталған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Өздеріңіз білесіздер, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жұмыс бағытының бірі – дін саласы. Атап айтқанда, деструктивті діни ағымдарды ұстанушыларды оңалту, интернет кеңістікте діни экстремизмнің алдын алу, діни қызмет саласындағы мемлекеттік қызметтер, діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл, діни және дінтану білімі, ақпараттық-түсіндіру жұмысы, дінтану сараптамасы секілді жұмыстар жүргізіп келеді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да еліміздің мұсылмандарына діни-руханияттық басшылық жасайтын республикалық бірлестік ретінде ел мұсылмандарына Ислам дінін насихаттау, шариғаттың дұрыс орындалуын қамтамасыз ету, Қазақстан мұсылмандарының бірлігін сақтау, мұсылман жамағатының діни мәселелерін шешу, дін мамандарын даярлау, діни басылымдар мен кітаптар шығару, сондай-ақ шетелдік діни ұйымдармен қарым-қатынас орнату секілді бағыттар бойынша жұмыс жүргізілуде» деді.

Айта кетейік, жиынның мақсаты – Президент көтерген рухани мәселелердің себебімен күресудің жолдарын нақтылау, салаға қатысты мамандарға бағыт-бағдар беру.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру