Наиб имам суицид тақырыбында насихат жүргізді (ФОТО)

26 ақпан 2019 5973 0
Оқу режимі

Астанада ҚР ІІМ Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінің қызметкерлерінің қатысуымен «Өмір, сен маған қымбатсың» тақырыбында семинар өтті. Жиында Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем халқын толғандырып отырған суицид мәселесі сөз болып, арнайы қонақтар – Астана қаласының психиатриялық ауруханасының жоғарғы дәрежелі психиатр-дәрігері Раушан Сәрсенова мен республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітің наиб-имамы Бақытжан Өткелбаев маңызды тақырыпты жан-жақты талқылады.

Психиатр-дәрігер Раушан Сәрсенова ойлаудың өзіне жүрек дауаламайтын статистиканы сөйлетіп, суицидтің негізгі себептеріне тоқталды. Сондай-ақ, оның қабылдауына келетін астаналықтардың қараса бұрынғымен салыстырғанда едәуір көбейген.

«Бүгінде жер бетінде әр 20 секунд сайын бір адам суицидтен көз жұмса, әр 2 секунд сайын бір адам өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, жыл сайын 1 млн. Адам суицидтен құрбан болады екен. Өкінішке қарай, біздің еліміз суицид жөнінен әлем бойынша алдыңғы орындарда жүр. Бұған көбінесе материалдық жағдайды сылтау етеміз. Яғни, біреу несиесін жаба алмай қиналады, біреу бақытына қол жеткізе алмай дүниеден баз кешеді, енді біреулері қызметінен кетіп, күйзеліске ұшырайды, т.б. Мұның соңы суицидпен бітіп жатқаны қоғамды алаңдатып, дүниені дүрліктіріп отырғаны мәлім.

Басқа аурулардан психикалық дерттің ең үлкен айырмашылығы – адамды тексеруден өткізетін диагностиканың болмауында. Біз тек адамдарды бақылай жүріп оның психозға шалдыққанынғ депрессияға түскенін біле аламыз. Ал «Ауруын жасырған өледі» демекші, менталитетіміз сондай ма, әйтеуір, қаракөз қандастарымыз психиатрларға көрінуден, психологтың кеңесіне жүгінуден қашып, әбден сырқаты күшейген кезде барып көмек сұрап жатады немесе ол кезде бәрі кеш болады. Демек, әрбір азамат өзінен немесе жақын туысы, досынан психоздың белгілерін байқаса дереу психиатрға қаралып, суицидтің алдын алуы керек»-дейді ол.

Ал исламтанушы Б.Өткелбаев суицид – барлық дінде тыйым салынған үлкен күнә дейді.

«Түптеп келгенде өз-өзіне қол жұмсаудың негізгі себебі имансыздақтан болып отыр. Құранда Алла Тағала «…Адам баласын көркем етіп жараттық, ардақты етіп қойдық» дейді. Яғни, адамды жаратқан да – Алла, оны ардақты еткен де – Алла, жанын алатын да – Алла Тағала. Пайғамбарымыз (с.а.у.): Кімде-кім өз-өзіне қол жұмсаса, сол өліміне қолданған құралмен тозақта мәңгі бақи азапталады. Егер пенде өзін дарға асса, тозақта қайта-қайта дарға асылып жазаланады, өз-өзіне оқ атса, оқпен жазаланады,-деген. Тіпті, суицидке ата дініміз исламнан бөлек, христиан, яһудилер де қатаң тыйым салынған. Ендеше, сүріп жатқан өміріміз бізге берілген үлкен аманат екенін терең түсініп, Аллаға шүкіршілік етуіміз керек. Оның сұрауы қатты екенін ескеріп жүруге тиіспіз. Болмашы бір дүниелік қиындықтарға сабыр етпей, шешімі ретінде суицидті таңдау дегеніңіз, ақымақтық деп есептейміз.

Бұрынғы бабаларымыздың көрген қиындығының жанында біздің басымыздағы проблемалар түк те емес. Ата-бабамыз қаншама зобалаңнан, қиындықтан өтті, ашаршылықты да, соғысты да көрді. Бірақ, иманына, Құдайға деген сенімдеріне берік болды. Өз-өздеріне қол жұмсамады, бізге ұлан-ғайыр жерді мұраға қалдырды, тәуелсіздікті аңсап кетті. Алла Тағала Құран Кәрімде «…Қиындықпен бірге жеңілдік бар» деп уәде берген. Яғни, басыңыз қиындық келді ме, арқаңызға ауыр жүк түсті ме, Алла Тағала оның жеңілдігін қоса береді. Сондықтан, суицид – қиындықтан құтылудың жолы емес»,-дейді Б.Өткелбаев.

Кездесу соңында ҚР ІІМ Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкнің психологиялық топ жетекшісі, полиция капитаны Әлия Тілесова және инспектор психолог Сұлушаш Сембаева қызметі қауырт полиция қызметкерлерімен мәнді де мағыналы сұхбат құрған қонақтарға ризашылығын білдіріп, ұжым атынан алғыс хат тапсырды.

Дереккөз: kazislam.kz

Пікірлер Кіру