Өзбекстанда халықаралық құран орталығы ашылды

18 қараша 2025 384 0
Оқу режимі

Өзбекстан астанасы Ташкентте халықаралық деңгейдегі Құран орталығы ресми түрде ашылды. Бұл маңызды шара «Орталық Азия: ортақ рухани-ағартушылық мұра – ортақ болашақ» атты халықаралық конференция аясында өтті.

Ашылу салтанатында Ислам өркениетіне аса құнды саналатын сирек қолжазбалар көрмеге қойылды. Қонақтар назарына Осман ибн Аффан заманынан қалған Құран Кәрімнің түпнұсқасы және ислам әлемінің әр түкпірінен жиналған қолжазбалар ұсынылды.

Шара барысында мұсылмандық дереккөздерді зерттеу мен сақтаудың маңызы жан-жақты талқыланды. Конференцияға қатысқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі, PhD докторы Нұрлан Қайырбеков қазақ халқы мен Бас мүфтидің сәлемін жеткізіп, Орталық Азия ғұламаларының қолжазбаларын зерттеудің маңызы туралы баяндама жасады.

Іс-шара соңында қатысушылар Ислам өркениеті орталығының қызметімен және жаңа кітапханасымен танысты.





Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру