ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ИМАМДАРЫНА ДӘРІС ӨТКІЗДІ (ФОТО)

23 қыркүйек 2022 1802 0
Оқу режимі

Бүгін Абай облысының орталығы Семей қаласына жұмыс сапарымен келген ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы аймаққа қарасты имамдармен кездесіп, дәріс оқыды.

Кездесуге ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы, Қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет, қала, аудан ииамдары қатысты. Бас мүфти дәріс барысында Діни басқарманың жеті бағытына тоқталып, осы жоспар бойынша сапалы қызмет етуге шақырды.

«Қазіргі қоғамның сұранысы жоғары. Осы орайда қоғаммен, жамағатпен көркем мәміледе болайық. Біз жыл басында жеті бағытты қолға алдық. Сол жоспарда барлық сала толық қамтылған. Осы ретте әр бағытқа жауапты имамдар елге насихатты кеңінен жеткізіңіздер. Отбасы құндылығын сақтауға, дін мен дәстүрді дәріптеу, елге қызмет турасында айтылатын насихатымыз көп болсын. Одан бөлек тазалыққа мән берейік. Мешітіміз таза болсын. Жамағатымыздың бірлігіне жұмыс істеуге шақырамын», – деді Бас мүфти.

Кездесу соңы сұрақ-жауапқа жалғасты. Сондай-ақ Діни басқарма төрағасы имамдарға бірқатар нақты тапсырма берді.

 

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру