ҚМДБ: Түркістанда мүфтияттың филиалы ашылады (ФОТО)

03 шілде 2018 7508 0
Оқу режимі

Түркістан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы филиалы ашылатын болды.

Кеше Астанада Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың төрағалығымен өткен ҚМДБ-ның кезектен тыс Төралқа мәжілісінде осындай шешім қабылданды. Алқалы жиынға ҚР Дін істері комитетінің төрағасы Еркін Оңғарбаев, Бірінші наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, наиб мүфтилер – Алау Әділбай, Бауыржан Есмахан, ҚМДБ аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, облыстың бас имамдары қатысты.

«Түркістан – мұқым түркі жұртының темірқазығы, түркі мұсылмандығының ордасы, алты Алаштың жүрегі!   Түркістан – бабалар қалдырған киелі аманат, асыл діңгегіміз, рухани кіндігіміз! Осынау қасиетті жерде халқымыздың руханияты үшін қызмет ететін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы өкілдігін ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл орталық Түркістан өңірінің одан әрі рухани дамуына қызмет етіп, рухани астана мәртебесінің тереңдей түсуіне сүбелі үлесін қосатын болады», – деді Серікбай қажы Ораз.

Өз кезегінде сөз алған ҚР Дін істері комитетінің төраға орынбасары Балғабек Мырзаев:

«Түркістан ежелден түркі әлемінің рухани орталығы болып келген. Қазақстан Республикасы Президенті – Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Түркістан атауын қайта жаңғыртуы – исі түркі халықтары қалаған идеяны жүзеге асыруының көрінісі деп айта аламыз. Осындай киелі жерде ҚМДБ филиалының ашылуы – еліміздегі рухани саланың дами түсуіне өзіндік оң ықпалын тигізеді деген сенімдемін», – деді.

Төралқа мәжілісінің мүшелері Бас мүфтидің Түркістанда мүфтияттың өкілдігін ашу туралы ұсынысын бірауыздан қолдап, оң пікірлерін білдірді.

http://muftyat.kz/kz

Пікірлер Кіру