Қордай ауданында 400 түп көшет отырғызылды

12 наурыз 2021 3732 0
Оқу режимі

Жамбыл облысы Қордай ауданы Қарасай батыр ауылынан саялы саябақ салынды. Игі шараға Қарасай, Өтеген, Қарасу, Қызылсай, Қаракемер, Сортөбе, Күнбатыс, Ауқатты ауылының имамдары мен жамағаты, сондай-ақ жастар ұйымдарының жетекшілері атсалысты.

Қаракемер ауылының имамы Данияр Таубалдиев, Сортөбе ауылының имамы Губар Паншаров, Қарасай ауылының имамы Абдул Дургалов т.б белсенді кісілердің бастамасымен ауыл тұрғындары 2 гектарға жуық алқапқа 400-ге жуық көшет (алма, алмұрт т.б) отырғызды.

Қарасай батыр ауылының ақсақалы Асық Уәли ризашылық білдіріп, ақ батасын берді. Болашақ ұрпақ үшін жасалған игі іске ұйытқы болған имамдар мен ауыл тұрғындарына алғысын жаудырды. Имамдар болашақта бұл жерде адамдар демалатын орындықтар қойылып, жаяу адамдар жолы салынатынын айтып, тұрғындарды тағы қуантты. Ауыл тұрғындарының ынтымақ-бірлігінің арқасында бой көтерген бұл саябаққа «Ынтымақ» атауын беруді ұсынды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Наурыз мерекесін жаңаша атап өтуді ұсынып: «Бабаларымыз әз Наурыз келгенде бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Осы тамаша дәстүрді жаңа қарқынмен жалғастырайық. Табиғатты тазалап, қоршаған ортаны көгалдандыруды қолға алайық. Мұндай шараларды барлық аймақта ұйымдастыруымыз қажет. Бұл – ата салтымыз әрі ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің ең тиімді жолы» деген болатын. Қордайлықтардың бұл берекелі бастамасы Президенттің осы ұсынысына білдірген қолдауы болатын.

Пікірлер Кіру