«Раббың үшін құрбан шал!» акциясына шақырамыз!

26 шілде 2019 624 0
Оқу режимі

Исі мұсылман қауымының қасиетті мерекесі – Құрбан айт қарсаңында Елорда өкілдігінің ұйымдастыруымен «Раббың үшін құрбан шал!» акциясы өз жұмысын бастады. Бірнеше жыл қатарынан дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан акция аясында Елорда жамағатынан жиылған құрбандық малдары арнайы мал базарларында сойылып, еті Нұр-Сұлтан қаласындағы мұқтаж отбасыларға таратылатын болмақ.

Алла Тағала Құран Кәрімнің «Кәусар» сүресінің  3-аятында «Намаз оқы және құрбан шал»  деп әмір етіп, құрбандық шалудың уәжіптігін білдіреді. Ал, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Адам баласы құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар», - деген екен.

Құрбандық шалу белгілі бір адамға уәжіп болғандығы үшін  мына шарттар орындалуы тиіс:

  • Мұсылман болу;
  • Құрбан айт уақытында жолаушы болмау;
  • Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу;
  • Нисап мөлшері - 85 грамм алтын, яки құнына тең келетін ақша;
  • Бас бостандығы болуы;
  • Балиғатқа жеткен болуы мен ақыл – есі дұрыс болуы.

Сонымен қатар, құрбандыққа шалынатын малдарға келсек, қой яғни, бір жасқа, сүйегі ірі болса алты айлық,  ал  ешкі бір жасқа толуы тиіс. Сиыр, қодас екі жасқа, ал түйе бес жасқа толуы қажет.

Құрбан шалу да – Алла Тағаланың бұйрығы, сол себепті бұйрықты шын ықыласпен орындаушы Раббысының разылығын алып, ақыретте жүзі жарқын болып, мол сауапқа иеленеді. Сонымен қатар, құрбандық шалудың сауабы жайында ілімнің кілті болған Әли (р.а) былай деген: «Кімде-кім үйіннен құрбандық шалу ниетімен бір малын алып шығатын болса, әрбір аттаған адымы үшін оған он сауап жазылар, он күнәсі өшіріліп, және (Алла алдында дәрежесі) он дәреже жоғарылайды».

«Раббың үшін құрбан шал!» акциясына қатысты барлық мәліметті Елорда мешіттерінен білуге болады.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру