Наурызбай қажы Тағанұлы: Рамазан айы мүбәрак болсын! (ВИДЕО)

16 мамыр 2018 11724 0
Оқу режимі

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Адамзат баласын тура жолға бастаушы Құран кәрімнің алғашқы құтты аяттары түсе бастаған қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Баршамыз асыға күткен Рамазан – игілік пен береке, кешірім және мейірім һәм қайырымдылық айы. Ол жайында «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстасын. Егер біреулер ауру болып, әйтпесе жол сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін», – деп жазылған.

Рамазан айында ораза ұстаған бауырларымыздың ұлық ғибадаттары арқылы өз пендешілігін сезініп, мұсылманға тән сабыр мен төзімділіктің шынайы үлгісін көрсетеді. Өзара сұхбаттар, тарауих намаздары, күндізгі құлшылықтар мұсылман қауымын біріктіріп, жаңа рухани жетістіктерге бастайды. Әсіресе, ауызашар дастархандары ерекше әлеуметтік және рухани байыта түсетін зор мәнге ие. Рамазан айында мүмкіндігі бар мұсылмандар мұқтаж жандарға қарайласып, көмек берудің, қайырымдылық пен бауырмалдықтың үздік үлгісін көрсетеді.

Сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис-шәріпінде: «Рамазан айы жәннаттың есіктері айқара ашылған, жәһаннам есіктері тарс жабылған, азғын шайтандар шынжырмен кісенделген мүбарәк ай», – деп паш етілген. 

Құрметті, мұсылман бауырлар! Алла Тағала баршамыздың осы айда жасайтын ғибадат-құлшылықтарымызды қабыл еткей! Мүбарәк Рамазан баршаңызға құтты, күллі Ислам әлеміне қайырлы да берекелі болғай!

Айлардың сұлтаны қасиетті Рамазан айы мүбарәк болсын! Оны өзіне лайықты құлшылықпен тиісінше жоғары деңгейде өткізу арқылы Алла Тағаланың рахымы мен мейіріміне бөленіп, мол сауап алуды баршамызға нәсіп еткей! Әумин!

 

Пікірлер Кіру