Республикалық конференция қарары қабылданды (ФОТО)

22 қазан 2021 3107 0
Оқу режимі

«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ «ДІН ДҮРБЕЛЕҢІ»: КЕҢЕСТІК БИЛІКТІҢ ДІНГЕ ҚАРСЫ РЕПРЕССИЯЛЫҚ ШАРАЛАРЫ» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында бірқатар тарихшы ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен өлкетанушылар құттықтау сөз сөйлеп, баяндама жасады.

Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Серік Сейдуманов, тарих ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі, «Егемен Қазақстан» газетінің президенті Дархан Қыдырәлі, Нұр-Мүбарак университетінің проректоры Қайрат Құрманбай құттықтау сөз сөйлеп, жиын жұмысына табыс тіледі.

Конференцияның негізгі бөлімінде тарих ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелді «Азаттық қозғалыстағы дін мен дін қызметкерлерінің орны», тарих ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Талас Омарбеков «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы кеңестік биліктің дін қайраткерлеріне ұстанымы: қасіретті сипаты мен салдарлары», Философия, саясаттану және дінтану институты дінтану бөлімінің меңгерушісі Бақытжан Сатершинов «Қазақстандағы дінге қарсы саяси қуғын-сүргіннің өзекті мәселелері», философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы «Кеңестік атеизм – дінге қарсы қуғын-сүргіннің идеологиялық негізі», Ясауи атындағы ХҚТУ Теология факультетінің деканы Досай Кенжетай «Созақ феномені: құндылықтар қақтығысы», Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе аймақтық мемлекеттік университетінің проректоры Рахым Бекназаров «Саяси қуғын-сүргін тарихындағы дін өкілдері: Ақтөбе облысы материалдары негізінде» тақырыбында баяндама жасады.

Сондай-ақ ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшелері – Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті «Әбу Ханифа» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Шәмшедин Керім «Оңтүстік Қазақстан облысындағы 1937 жылғы дін өкілдеріне қарсы репрессия», дінтану ғылымының PhD докторы Мұхан Исахан «1930 жылдардағы Кеңес үкіметіне қарсы көтерілістердің діни сипаттары», М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Қолжазба және фольклортану» ғылыми-инновациялық орталығының директоры Төреәлі Қыдыр «Ахундық һәм ишандық мектеп өкілдеріне қарсы репрессия және оның салдары» тақырыптарында баяндама оқыды.

Жиын соңында теориялық және тарихи тұрғыдан қарастырылған Қазақстанның жалпы және жекелеген аймақтарына қатысты баяндамаларды түйіндей келе конференция жұмысының нәтижесі ретінде қарар қабылданды. Қарарды ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков оқып берді. Конференцияны Бақытжан Сатершинов жүргізіп, модераторлық жасады.

Жиынды қортындылаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы конференцияға қатысып, баяндама жасап, тың деректер келтіріп, дін қайраткерлерін ақтауға қатысты ұсыныс-пікір білдірген тарихшы ғалымдарға алғыс айтып, бұл жұмыстар әлі де жалғасатынын, дін қайраткерлерін ұлықтауға жіті назар аударылатынын айтты.

Сондай-ақ Бас мүфти ауқымды шараның мән-маңызы мен қорытындылары жайлы БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру