«РУХАНИ КІТАП» АЙЛЫҒЫ АЯСЫНДА «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ РУХАНИ-АҒАРТУШЫЛЫҚ ЖИЫН ӨТТІ

16 сәуір 2026 77 0
Оқу режимі

Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Рухани кітап» айлығы аясындағы кезекті танымдық-рухани басқосу ұйымдастырылды. Игі шараға діни оқу-ағарту бағытына жауапты маман Махмұд Қасым қатысып, жамағатпен бірге мазмұнды рухани сұхбат өткізді.

Жиын барысында бекітілген жоспарға сәйкес «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабының III тарауы кеңінен талқыланды. Қатысушылар еңбектегі негізгі ұғымдар мен рухани тәрбиеге қатысты тұжырымдарға тоқталып, ихсан ілімінің адам болмысы мен мінез-құлқын қалыптастырудағы рөліне ерекше назар аударды.

Кездесу барысында жамағат тарапынан да белсенділік байқалып, қатысушылар өз ойларын ортаға салып, тақырып төңірегінде сұрақтар қойды. Еркін форматтағы пікір алмасу жиынның мазмұнын одан әрі тереңдете түсті.

Айта кетейік, «Рухани кітап» айлығының негізгі мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін дамыту, діни-рухани әдебиеттерді насихаттау және жамағат арасында білім мен тәжірибе алмасу дәстүрін жүйелі түрде қалыптастыру.

Дереккөз: ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру