Шымкент қаласының имамдары «Әзірет Сұлтан» мешітімен танысты (ФОТО)

21 қыркүйек 2018 8253 0
Оқу режимі

Бүгін, қасиетті жұма күні Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің бөлім жетекшілері мен бірқатар аудан бас имамдары республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітін зиярат етіп, алып құлшылық ордасының тыныс-тіршілігімен танысты. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың қолдауымен елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған шара аясында Шымкент шаһарының имамдары Астана қаласына арнайы іссапар жасап, екі тарап арасындағы әріптестік қарым-қатынасты күшейтіп, тәжірибе алмасу көзделген.

Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Бақтыбай қажы Бейсенбаевтың бастамасы аясында түрлі салаға жауапты Шымкент қаласы бойынша өкіл имам орынбасарлары Мұхамеджан Естеміров, Әділхан Сертай, Иса Яхяев және «Шымкент медресесі» колледжінің директоры Талғат Әсембай, Әл-Фараби аудандық «Абдул Хамид Қаттани»  мешітінің бас имамы Бақдаулет Абдурахманов, Абай аудандық «Абдурахман» мешітінің бас имамы Қазыбек Сарыбаев, Еңбекші аудандық «Әл-Біләл» мешітінің бас имамы Дәулет Туленов және жастар ісі бөлімінің жетекшісі Азамат Әбдікерімұлы, сайт жетекшісі Абзал Жауһаровтар бұған дейін «Нұр Астана» Орталық мешітінде, «Астана» медресе-колледжінде, сондай-ақ бірнеше қалалық мешіттерде қонақта болып, тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан болатын.

Делегация мүшелерімен республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің қызметкерлері арнайы дөңгелек үстел өткізіп, әр салаға (оқу-ағарту, уағыз-насихат, қайырымдылық шаралары, теріс ағымдармен күрес) жауапты наиб имамдар өз тәжірибелерімен бөлісіп, еліміздің Бас мешітіндегі жұмыс барысын баяндады. «Әзірет Сұлтан» мешітінің бірінші наиб имамы Қанат қыдырмин қонақтарға өз ілтипатын білдіріп, ауқымды жұмыс жоспарларымен де таныстыра кетті. Кездесу соңында Шымкент имамдары естелік ретінде Оңтүстік өңірде шығатын жайнамаз сыйға тартып, өз құрметтерін көрсетті. Қонақкәде ретінде «Әзірет Сұлтан» мешіті атынан делегация мүшелеріне естелік-сурет тарту етіліп, «Хикмет» студиясының өнімдері мен Бас мешіт жайындағы кітапшалар берілді.

Бұдан кейін делегация мүшелері «Әзірет Сұлтан» мешітін аралап, құлшылық ордасы жайлы толыққанды мағлұмат алды. Дәрісханалар мен қызметттік бөлмелерді көріп, мешіт жәдігерлері мен көрнекіліктерін тамашалады. «Әзірет Сұлтан» мешітінің ресми порталы Muslim.kz сайтының жұмысымен танысып, «Хикмет» телерадиостудиясында қонақта болды. Құлшылық ордасындағы басқа да қызметтік бөлімдерге бас сұғып, үлгі боларлық бастамаларға қаныға түсті. Кездесу соңында Шымкент имамдары Елордалық әріптестеріне ризашылықтарын білдіріп, бұл сапар аясында тың ақпараттар мен соны тәжірибелер жинақтағандарын жеткізді.

 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру