АЛЛА ЕЛШІЛЕРІНЕ ИМАН

   Пайғамбарларға иман – Ислам дініндегі иман негіздерінің бірі. Пайғамбар сөзі  парсы тілінде «хабаршы» деген ұғымды білдіреді. Құран тілімен айтқанда, пайғамбарларды  «Расул» (елші), «нәби» (хабаршы) деп атайды. Пайғамбарларға иман ету – олардың Ұлы Жаратушы тарапынан арнайы таңдалып, елші етіп жіберілгендіктеріне және олардың жеткізген барлық хабарларына күдіксіз сену деген сөз. Алла Тағала мұсылмандарға жер бетіне келіп-кеткен барлық пайғамбарларға иман етуді бұйырады. Яғни, Құранда аты айтылған пайғамбарлардың кейбіреуіне иман етіп, кейбіреуіне сенбеуге қатаң тыйым салынады. Біз, мұсылмандар, өзіміздің соңғы пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Алла Тағала тарапынан жіберілген арнайы елші екеніне қалай иман келтірсек, басқа пайғамбарларға да дәл солай иман келтіреміз. Құранда: «Кімде-кім Аллаға және Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне иман келтірмесе, қатты адасады...[1]»,   делінеді.

Пайғамбарлық – Алланың сүйікті құлына берген мәртебесі. Адам қанша әрекеттеніп, талпынғанымен, Жаратушының әмірінсіз ешқашан пайғамбар бола алмайды. Сол себепті, Алла пайғамбарлық миссияға лайық болатын кісіні өзі таңдап, елшілік қызметті жүктейді. Бұл жайында аятта былай дейді: «Бұл пайғамбарлық – Алланың кеңшілігі. Оны қалаған құлына береді. Алла – кеңшілік иесі[2]».

Сондай-ақ, Алла Тағала пайғамбар болатын пендесін о бастан қорғап, оның нәсілін пәк етіп сақтайды. Яғни, пайғамбар болатын кісінің ата-бабалары текті, жаман әдеттерден аулақ, адал некемен отбасы құрған әулеттен шыққан және пайғамбарлыққа дейін Алла Тағаланың бақылауында болады. Өйткені, күндердің күнінде пайғамбарлық міндет жүктелгенде өз отандастары, қандастары оның бойынан ешбір айып таба алмауы тиіс.Оның жастайынан адами қасиеттерге жат қылықтарды істемегендігіне куә болғандықтан жаратылысына негізсіз кінәрат таға алмайды. Міне, Алла өз елшісін осылай тәрбиелейді. Мысалы, аятта Мұса пайғамбар (ғ.с.) жайында: «Әй, Мұса! Өзімнің назарымда тәрбиеленуің үшін саған мен өз сүйіспеншілігімді арнадым[3]», – дейді. Сол секілді Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар болғанға дейін Меккеліктер оның бірде‑бір оғаш қылығын көре алмағандықтан, «Сенімді Мұхаммед» деп атаған.

Адамзатқа жіберілген күллі пайғамбардың міндеті – адамдарды Алланың барлығына, бірлігінеиман келтіріп, Оған серік қоспастан құлшылық етуге, ақырет күніне, қайта тірілу мен есеп күніне, Жаратушының пайғамбарларына, жәннат пен жәһәннамның хақ екендігіне сенуге шақыру. Аятта бұл жайында былай дейді: «(Мұхаммед (с.ғ.с.) Сенен бұрын бір пайғамбаржіберсек, оған: «Күдіксіз Менен басқа ешбір тәңір жоқ. Онда Маған ғана құлшылық етіңдер», – деп қана уахи етіп жібердік[4]».

Ықылым заманнан бері жер бетіне Алланың бұйырған тура жолын уағыздаушы жүз мыңдаған пайғамбар келді. Пайғамбар жіберілмеген ешбір қауым жоқ екендігін аят былай деп баян етеді: «Аллаға серт! (Мұхаммед (с.ғ.с.) Расында, сенен бұрын да үмметтерге елшілер жіберген едік. Сонда да шайтан оларға өз қылықтарын әдемі көрсетті. Сондықтан бүгін де ол – олардың досы.Оларға күйзелтуші азап бар[5]»; «Негізінде ескертуші болмаған үммет жоқ[6]»; «Әр үмметтің бір пайғамбары бар[7]».

Жер бетін нұрландырып, адамзатқа тура жолды нұсқап, ақиқат пердесін ашып, екі дүние бақытын көрсету үшін Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген жалпы пайғамбарлардың толық әрі нақты саны бір Аллаға мәлім. Құранда тек жиырма бесінің аты аталған. Құранда есімі көрсетілген Узайр, Луқман, Зулқарнайн атты үш кісінің пайғамбар яки үлкен әулие екендігі жайлы ғұламалардың арасында әр түрлі пікір бар. Өзге пайғамбарлар жайында Құранда Пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Расында, сенен бұрын да елшілер жібердік. Олардың кейбірін саған баян еттік те, кейбірін баян етпедік[8]», – делінген.

Енді Құранда аты аталған 25 пайғамбарға қысқаша тоқтала кетейік:

1. Хазіреті Адам (ғ.с.) –адамзаттың алғашқы атасы әрі алғашқы пайғамбар. Алла Тағала оны жоқтан бар етіп, топырақтан жаратқан. Кейінірек оған серік әрі жұбай ретінде сол қабырғасынан Хауа ананы жаратты. Алланың әмірімен періштелер оған сәжде етті, тек Ібіліс қана сәжде етуден бас тартты. Адам ата мен Хауа ана алғашқыда жәннатта өмір сүрді. Бірақ олар шайтанның арбауына түсіп, тыйым салынған ағаштыңжемісін жеген соң жәннаттан шығарылып, жер бетіне түсірілді. Кітап ретінде хазіреті Адамға (ғ.с.) 10 парақ түскен. Риуаят бойынша, ол араб түбегінде 930 жыл өмір сүрген екен.

2.Идрис пайғамбар (ғ.с.) – Адам Атадан (ғ.с.) кейін Құранда аты аталатын пайғамбар.  Идриске (а.с.) байланысты Құранда төрт аят бар. Оған 30 парақтан тұратын кітап түскен. Адамзат тарихында ол алғашқы садақ атуды, тігін тігіп, жазу жазуды бастаған адам ретінде мәлім. 360 жыл өмір сүргендігі жайында риуаяттар бар.

3. Нұх (ғ.с.) пайғамбар. Адамдар уақыт өте келе хақ діннен шығып, жасанды пұттарға табынуға көшті. Оларды таухид сеніміне, хақ дінге шақыру үшін Алла Нұхты (ғ.с.) елші етіп жібереді. Нұхтың (ғ.с.)айтқанына құлақ аспаған қауымына Аллаһ Тағала жаза ретінде топан суды жіберіп, жаңа нәсіл шығарады. Нұхтың (ғ.с.) өмір сүру мерзімі 950 жылға созылған.

4. Һуд пайғамбар (ғ.с.) Иеменнің Хадрамут аймағындағы Ахкафдеп аталатын жерде өмір сүрген Ад қауымына пайғамбар етіп жіберілген. Ад қауымы топан судан кейін жолдан тайғандардың бірі болатын. Хазіреті Һуд (ғ.с.) қауымын хақ дінге шақыру барысында көптеген мұғжиза көрсеткенімен, одан ешқандай нәтиже шықпайды. Қауымы иман етуден бас тартқандықтан Аллаһтың азабына ұшырап, қатарынан жеті-сегіз күндей алапат дауыл соғып, бақилық болады. Һуд (ғ.с.) 150 жыл өмір сүрген.

5. Салих пайғамбар (ғ.с.) Шам мен Хижаз өлкесі арасында ғұмыр кешкен Самуд қауымына жіберілді. Самудтықтардың кейбірі иман еткенімен, басым көпшілігі дінге мойын бұрмады. Тіпті сенбегенімен қоймай, Салих пайғамбардың (с.ғ.с.) жартас арасынан мұғжиза ретінде шығарған түйесін өлтіріп, Алла Тағаланыңқаһарына ұшырады. Осындай азғындықтарының ақыры оларды жер қойнауына кетіп, жойылуларына себеп болды.

6. Хазіреті Ибраһим (ғ.с.) – ең ұлық пайғамбарлардың бірі. Кішкентай сәбилік шағында-ақ Алланың бар екенін сезіп, Оны айға, күнге, жұлдыздарға қарап іздеген. Ибраһим (с.ғ.с.) Вавилон патшасы Намрутты иманға шақырады. Ал Намруд болса, оған зәредей де құлақ аспай, оны тау болып лаулап жанған отқа лақтыртады. Сонда Алла Тағала құдіретімен жалындаған от Ибраһимге (ғ.с.) еш әсер етпейді. Ол ұлы Исмайыл (ғ.с.) екеуі Қағбаны салады.

7.Лұт пайғамбар (ғ.с) Ибраһимнің (ғ.с.) жиені,жас кезінде көкесі Ибраһимге иман еткен. Лұт пайғамбар (ғ.с.) жаңа бір шариғат әкелген жоқ. Ол негізінен Хазіреті Ибраһимнің (ғ.с.) шариғатымен амал етті. Лұт пайғамбардың қауымы аса жиіркенішті жыныстық құмарлықтармен атағы шығып, осы азғындықтарының кесірінен Алла Тағаланың қаһарына ұшырап, өмірлерімен қош айтысқан.

8. Исмайыл пайғамбар (ғ.с.) – Ибраһимнің (ғ.с.) Хажар есімді әйелінен дүниеге келген тұңғыш перзенті. Ибраһим (ғ.с.) бәйбішесі Сараның қызғанышынан, Алладан келген әмір бойынша, ұлы Исмайыл мен анасы Хажарды Меккеге әкеледі. Бала Исмайылдың өкшесімен тепкілеген жерден Зәмзәм суы шыққаны баршаға мәлім. Исмайыл (ғ.с.) өсе келе әкесінің Аллаға берген уәдесіне байланысты құрбандыққа шалынбақ болады. Осылайша, Ибраһим (ғ.с.) Алланың сынағынан елшіге тән қасиетпен сәтті өтеді. Ибраһимге Алланың әмірімен ұлының орнына жәннаттан көк қошқар түсіріліп, құрбандыққа шалынады.

9. Исхақ  пайғамбар (ғ.с.) – Ибраһимнің (ғ.с.) қартайғанда бәйбішесі Сара анамыздан көрген ұлы. Исхақ әкесі Ибраһимнің көзі тірісінде Ұлы жаратушымыздың қалауымен Шам халқына пайғамбар етіп жіберіледі.

10. Яқуб пайғамбар (ғ.с.) – Исхақ пайғамбардыңұлы, Юсуф пайғамбардың әкесі. Сүйікті ұлы Юсуфты жоғалтып алған соң жылаудан екі жанарынан бірдей айрылып, зағиптік халге жетеді. Юсуфтың бауырлары Мысыр елінде Юсуфты кездестіріп, оның көйлегін әкелеріне әкеліп бергенде, ұлының көйлегімен көзін сүрткенде жанарына нұр бітіп, жарық дүниені қайта көреді. Ол Палестинаның солтүстік аймағына пайғамбар болып жіберілген болатын. Яқуб пайғамбардың (ғ.с.) екінші есімі Исрайл еді. Сол себепті Ибранилерді Исрайл ұлдары деп те атайды.

11. Юсуф пайғамбар (ғ.с.) –Яқуб пайғамбардың (а.с.) аса сүйікті ұлы. Бауырлары оны әкелерінен қызғанып, өлтірмек болып құдыққа тастайды. Алайда, құдықтан су алмақ болған керуеншілер оны шығарып алып, Мысыр еліне апарады да сатып жібереді. Кейінірек Мысырдың қазына басы, одан соң патшасы болып, бауырларын Мысырға әкелдірген.

12. Шұғайб пайғамбар (ғ.с.) пұтқа табынушы Мәдянқауымына пайғамбар етіп жіберілген. Мәдян халқы оның айтқан үгіт-насихатына құлақ аспай өз білгендерін жасаудан тайынбағандықтан, Алла оларды зілзала апатымен жойып жіберді. Ал Шұғайб және оған иман келтірушілер бұл апаттан аман қалды. Мұса пайғамбар (ғ.с.)Шұғайбқа (ғ.с.) 10 жылдай қызмет ету шартымен оныңқызына үйленеді.

13. Мұса пайғамбар (ғ.с.).Перғауын түс көріп, Исрайл ұлдарының келешекте басына бәле болып жабысатындығынан шошынып, дүниеге келген ер баланың бәрін көзін жоюға әмір береді. Мұса осындай сәтте дүниеге келген. Анасы оның перғауын жендеттерінің қолына түсуінен қорқып, Алланың аянымен сандыққа жөргектеп салып, Ніл өзеніне ағызып жібереді. Өзендегі ағып бара жатқан сандықты перғауынның әйелі алдырып, ішіндегі сәби Мұсаны өзіне бала етіп асырап алады. Алланың құдіретімен Мұса (ғ.с.)Перғауынның сарайында ер жетіп, Мысыр еліне пайғамбар ретінде жіберіледі. Ақырында ол Исрайл ұрпақтарын б.з.д. 1250-жылдары шамасында Мысыр елінен алып шығады.

14. Харун пайғамбар (ғ.с.) – Мұсаның (ғ.с.) туған ағасы. Ол өте шешен болған әрі сол қасиеті әжетке жарап Мұсаның (ғ.с.) елшілік қызметіне жәрдем еткен.

15. Дәуіт пайғамбар (ғ.с.) б.з.д. Х ғасырда өмір сүрген. Дәуіт пайғамбар балалық шағын шопандықпен өткізген. Оған қасиетті кітаптардың бірі Забур кітабы түскен. Ол Забурді ерекше сұлу мақамға салып, қайталанбас әуен үйлесімділігімен оқитын болады. Дәуіт (ғ.с.) б.э.д. 1013-973 жылдар аралығында 40 жыл бойы пайғамбарәрі патша болып дүниеден өткен.

16. Сүлеймен пайғамбар (ғ.с.) – Дәуіт пайғамбардың (ғ.с.) ұлы.Әкесі секілді патшалық құрып, кейінірек пайғамбар болған. Сүлеймен пайғамбар (ғ.с.) жастайынан өте алғыр болып өседі. Бүкіл жан-жануарлардың тілін білді. Тіпті, Алланың әмірімен жындар да оның әміріне бағынды.

17. Әйюб пайғамбар (ғ.с.) Шам маңында өмір сүрген адамдарға елші болған. Алла Әйюбтың (ғ.с.) әуелі мал-мүлкін, сосын бала-шағасын алып, сынақтан өткізеді. Ол – осыншалықты қиыншылыққа сабыр етіп, бір Аллаға ғана сиынып өткендіктен, дінімізде асқан сабырлылығымен танымал болған пайғамбар. Алла Тағала сүйікті құлы Әйюбтің денесін құрттатып дертке ұшыратады. Мұндай жағдайдан да ол сабырлықтың шыңын бағындыру арқылы дертінен айығады.

18. Зулкифл пайғамбар (ғ.с.) – Хазіреті Әлиасаның (ғ.с.) немере ағасының ұлы және сол кісіден кейін Исрайл ұлдарына жіберілген пайғамбар. Мұсаның (ғ.с.) шариғатымен амал еткен, адамдарға Тауратты уағыздап, Шам өлкесінде дүниеден өткен.

19.Юнус пайғамбар (ғ.с.) – Асирия патшалығының орталығы болған Нинова халқын хақ дінге шақырушы. Нинова халқы 33 жыл бойы оның үгіт-насихатына құлақ аспаған соң, Алланың әмірінсіз Нинова қаласын тәрк етіп, соңынан осы қателігі үшін Аллаға шынайы түрде тәубе етеді. Алла Тағала тәубесін қабыл еткен. Нинова халқы Юнусты (ғ.с.)          тыңдамай, ақырында Алланың азабы таянғанда жаппай тәубе етуді бастайды. Алла олардың да тәубесін қабыл етеді. Юнус елін тастап кеткен соң, жолда теңізге тасталып, оны алып кит жұтып қояды.Ақырында Алланың құдіретімен дін-аман жерге қайта шығады.

20. Илияс пайғамбар (ғ.с.) – Исрайыл ұрпақтарына жіберілген елші. Яһудилер әдеттегідей оған да иман етпей, айтқан үгіт-насихаттарын тыңдамай, керісінше оны елден қуып шығады. Осы әрекеттері үшін Алла яһудилерді ашаршылыққа ұшыратады.

21. Әлиаса пайғамбар (ғ.с.). Яһудилер бейне бір пайғамбарлардың үгіт-насихатын тыңдау өздеріне харам етілгендей, ешбір елшіге құлақ аспады. Тіпті, Мұсаның шариғатын да тәрк етті. Ескерусіз қалған пайғамбарлардың бірі Хазіреті Әлиаса еді. Ол ғұмырыныңсоңына дейін яһудилерді хақ дінге шақырумен өтті.

22. Зәкәрия пайғамбар  (ғ.с.) – Яхья пайғамбардың (ғ.с.)әкесі, Мәриям ананың жездесі. Зәкәрия да яһудилерге жіберілген елші еді. Мәриям ана Алланың әмірімен Исаға жүкті болып, дүниеге әкесіз бала әкеледі. Бірақ яһудилер Алланың бұл мұғжизасына сенбей Зәкәрияға  Мәрияммен көңілдес болды деген айып тағып, ақырында 100 жастағы Зәкәрияны (ғ.с.) арамен кескілеп, шәһит етеді.

23.Яхья пайғамбар (ғ.с.) – Зәкәрия пайғамбардың қартайған шағында көрген перзенті. «Өліден тірі шықты» деген мағынаға келетін оның есімін Алла Тағала қояды. Себебі, қартайғанда перзентті болу екіталай жағдай болатын. Алайда, Алланың әмірімен Яхья келеді. Жастайынан пайғамбар болып, алғашында Мұсаның (ғ.с.) шариғатымен амал етті. Сол кезеңде Иса пайғамбар (ғ.с.) жаңа шариғатпен келген соң, кейіннен соның жолымен жүрді. Яһудилер Яхяны да әкесі секілді жастай шәһит етті.

24. Иса пайғамбар (ғ.с.) Алланың бір мұғжизасы ретінде әкесіз дүниеге келеді. 30 жасында пайғамбар болып, яһудилерді жалғыз Жаратушыға ғибадат етуге шақырады. Інжіл кітабымен жаңа шариғат әкелді. Пайғамбарлығының мұғжизасы ретінде өлі жанды тірілткен, балшықтан құс жасап оған жан берген, зағип жандардың көзіне нұр сыйлап, көктен дастархан түсірген.

25. Мұхаммед (с.ғ.с.) – Адамзатқа жіберілген соңғы пайғамбар. Хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) қасиетті Құран Кәрім түсірілген және ол ең соңғы иләһи заңдылықтардың жиынтығы болып табылады. Мұхаммедке (с.ғ.с.) 610-жылы 40 жасында пайғамбарлық ұлық міндет жүктеліп, 632  жылы 63 жасында Алла Тағала әмірімен бұл дүниеден озады.

 


[1]«Ниса» сүресі, 136-аят
[2]«Жұма» сүресі, 4-аят
[3]«Таһа» сүресі, 39-аят
[4]«Әнбия» сүресі, 25-аят
[5]«Нахыл» сүресі, 63-аят
[6]«Фатыр» сүресі, 24-аят
[7]«Юнус» сүресі, 47-аят
[8]«Ғафыр» сүресі, 78-аят