АЛЛА ТАҒАЛА КІТАПТАРЫНА ИМАН

  Жалпы жаратылыс, мына болмыс әлемі адам баласына Ұлы Жаратушыны танытар алып кітап ретінде жаратылса, пайғамбарларға уахи арқылы жеткен барлық парақтар мен кітаптар да Ұлы Құдіретті қатесіз тануымыз үшін жіберілген. Сондай-ақ, адамзатқа мына дүниедегі негізгі міндетін түсіндіріп, ақ-қараның ара-жігін айқындап, екі дүниенің бақытын сыйлау үшін түсірілген. Міне, Алла Тағала тарапынан келген барлық осы кітаптарға сену – Ислам дінінде иманның негіздерінен саналады. Құранда: «Кімде-кім Аллаға және Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне иман келтірмесе, қатты адасады...[1]»,  – делінген.

Ұлы Жаратушымыз әртүрлі мекендер мен уақыттарда түрлі-түрлі қауымдарға өзінің бұйрықтары мен тыйымдарын қамтыған және сол қоғамның сана деңгейіне сай керекті мәліметтерді жеткізетін, жеке тұлғалық, қоғамдық проблемаларының шешімдерін баяндап, өз араларында әділдікті орнататын парақтар мен кітаптар жіберген. Парақтардың нақты саны бізге беймәлім. Ал, Құран Кәрімде білдірілген жалпы кітаптың саны төртеу: Зәбур, Тәурат, Інжіл, Құран. Біз, мұсылмандар, бұл төрт кітаптың барлығының Алла тарапынан адам баласына тура жолды көрсету үшін жіберілгендігіне кәміл сенеміз. Алайда, соңғы кітап Құранның алдындағы үш кітап заман өте келе адамдар тарапынан әртүрлі әдейі өзгертулер мен бұрмалауға ұшырағандықтан, оларды негізге алып амал етпейміз. Құран түскеннен кейін өзге кітаптар негізге алынбайды.

1. Зәбур. Бұл кітапты Алла Тағала Дәуітке (ғ.с.) түсірген. Зәбур арапша «кітап» деген мағынаны білдіреді. Құран Кәрімде: «Біз Дәуітке Зәбурді бердік[2]», – делінген. Құранда Зәбур жайлы Тәурат және Інжілге қарағанда өте аз мағлұмат білдірілген. Еврейлердің Дәуіттің (ғ.с.) пайғамбарлық қасиетіне көлеңке түсіріп, ар-намысын кірлететін әйелдерге байланысты айтылған әртүрлі әңгімелері дұрыс емес. Себебі, барлық пайғамбарлар күнәнің кішісінен де, үлкенінен де Ұлы Жаратушы тарапынан қорғалған. Яһудилер, көбінесе, Дәуітке (ғ.с.) патша ретінде қарайды. Ал, мұсылмандар патша әрі пайғамбар ретінде біледі.

2. Тәурат. Мұса пайғамбарға түскен кітап. Тәурат иврит тілінде «заң, ережеқағида, шариғат» деген мағыналарды білдіреді. Құранда: «Ішінде адамдарға тура жол және нұрды қамтыған Тәуратты біз жібердік[3]»,  – делінген. Тәураттың қазіргі таңда танымал үш түрлі нұсқасы бар. Бұл үш нұсқада айтылған көптеген ереже-қағида, хабарлардың бір-бірімен сәйкес келмеуі – Тәураттың адамдар тарапынан қатты өзгертілгендігінің айғағы.

3. Інжіл. Исаға (ғ.с.) түскен кітап. Інжіл «сүйінші, тағылым» деген мағыналарды білдіреді. Құранда: «Біз пайғамбарлардың артынан Мәриям ұлы Исаны өзінен бұрын түскен Тәуратты растаушы етіп жібердік. Оған (Исаға): Өзінен бұрын Түскен Тәуратты растаушы ретінде әрі тақуаларға тура жол мен насихат болсын деп ішінде тура жол және нұрды қамтыған Інжілді бердік[4]», – делінеді.

Қазіргі таңда Інжілдің Алла Тағала тарапынан түскен түпнұсқасы жоқ. Христиандардың қолында «Жаңа хабар» атты кейіннен адамдар тарапынан құрастырылып жазылған әр түрлі кітаптар бар. Бұлардың төртеуі де «Інжіл» делінеді. Бұл Інжілдер Иса (ғ.с.) дүниеге келген соң 325 жылдан кейін халық арасында кеңінен тараған, бір-біріне қарама-қайшы пікірлерге толы Інжілдің көптеген нұсқасынан таңдалып, құрастырылған. «Матта», «Маркос», «Лука», «Югонна» делінген адамдардың атымен аталатын бұл төрт Інжілдің ішіндегі баяндалатын оқиғалар, көбінесе, бірбірімен сәйкес келе бермейді. Бірінде харам делінген нәрсе екінші бірінде адал болып жатады. Бұған қоса Інжілдің бізге дейін келіп жету жолдарының дұрыстығы мен сенімділігі тұрғысынан да қасиетті Құранмен, тіпті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерімен салыстыруға тұрмайды.

4. Құран. Құран араб тілінде «көп оқылатын кітап» деген мағынаны білдіреді. Құран – Ұлы Жаратушының ақыретке дейін келіп-кетер барша адамзатқа тура жолды көрсету үшін соңғы пайғамбар Мұхаммедке (с.ғ.с.) уахи арқылы түсірілген, оқылуының өзі ғибадат саналатын мәңгілік иләһи кітап. Құран – өзіне дейінгі түскен барлық парақтар мен кітаптардың мазмұнын қамтыған. Құран – санасы қанша жетілсе де ақыретке дейінгі келетін күллі адамзаттың барлық рухани әрі заттық сұраныстарына жауап беретін, жеке тұлғалық, қоғамдық әрі әлемдік барлық проблемаларына қатесіз толық шешім беретін, адамның санасы жете бермейтін көмескі әлемді суреттеп, беймәлім сырларды ашатын, екі дүниенің бақытын көрсетіп, ақ пен қараның ара-жігін ажыратып, өзіне сеніп, шырақ тұтқан жандарды рухани кемелдікке тәрбиелейтін Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген қасиетті соңғы кітап.

 


[1] «Ниса» сүресі, 136-аят
[2] «Исра» сүресі, 55-аят
[3] «Мәида» сүресі, 44-аят
[4] «Мәида» сүресі, 46-аят