ҚИЯМЕТ ҚАЙЫМ ЖӘНЕ ОНЫҢ УАҚЫТЫ

  О дүниелік өмір қарсаңында бұл дүниедегі тіршілік атаулы түгелдей тоқтайды. Мұны яғни, тіршіліктің тоқтау мерзімін «қиямет қайым» дейді. Қиямет қайымның болатындығын жер бетіндегі күллі діндер қабыл етеді. Өйткені, әлемдердің Раббысы Алла ерте ме, кеш пе қиямет қайымды болдырады. Құран аяттары да бұл мәселені ап‑айқын растай түседі: «Әй, адам баласы! Раббыларыңнан қорқыңдар. Расында, қияметтің сілкінісі – үлкен нәрсе. Ол күні әр емізушінің емізгенін ұмытқанын және әрбір буаз жәндіктің іш тастағанын көресің. Адамдарды мас түрде көресің. Негізінде, олар мас емес. Бірақ Алланың азабы қатты»[1]; «Ол күні аспан еріген кен сияқты болады. Таулар түтілген жүндей болады. Дос достың халін сұрамайды»[2]; «Көк жарылған сәтте. Жұлдыздар төгілген сәтте. Теңіздер тасыған сәтте. Қабірлер қопарылған сәтте. Әркім алдындағы және артындағы нәрселерді біледі»[3]; «Қияметтің күні қашан болады? – деп сұрайды. Қашан көз шағылысқан, ай тұтылған, күн мен ай бір араға келтірілген кезде. Адамдар сол күні: «Қашар жер қайда?» –  дейді. Жоқ, әсте пана жоқ. Ол күнгі тұрақ Раббыңның алды»[4].

Жоғарыдағы аяттарда қиямет қайымның адам шошитын аса қорқынышты болатындығын Алла Тағала алдын ала адамзатқа білдіріп отыр. Егер мұншалықты дәлелге сенбеген адам болса, ондай пендеге Алла жәрдемші болсын деуден басқа айтар сөзіміз жоқ.

Енді қиямет қайымның қашан орнайтындығына келер болсақ, бұл жайында ешбір пенденің, тіпті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар мен оған уахи әкелген Жәбірейлдің (ғ.с.), Сурға үрлеуші Исрафилдің (с.ғ.) де мағлұматы жоқ. Қиямет қайымның қашан болатындығын жалғыз Алла ғана біледі. Бұл жайында Құранда былай дейді: «Әрине, қиямет мерзімінің мәліметі Алланың қасында»[5]; «Қиямет мезгілінің мәліметін тек Алла біледі»[6]; «(Мұхаммед (с.ғ.с.) Олар сенен қияметтің қашан болатындығын сұрайды. «Шынында, оның мәліметі Раббымның қасында. Оның уақытын Өзі ғана білдіреді. Көктер мен жердегі ауыр жағдай сендерге кенеттен келеді» де. Сен оны зерттеп отырғандай-ақ сұрастырады. Шынында, оның білімі Алланың қасында, бірақ адамдардың көбі оны түсінбейді деп айт»[7].

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қиямет қайымның қашан болатындығын сұрағандарға ұдайы: «Оның уақытын Алла ғана біледі», – деп жауап беретін. Десек те, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ақырзаманның уақытын айтпағанымен, оның белгілері жайлы көптеген хадистерінен «мынадай оқиғалар болмайынша қиямет қайым болмайды» деген мағынадағы ғибраттарды кездестіруге болады. Ақырзаманның белгілерін ғұламалар осы хадистерге сүйене отырып екіге бөледі:

АҚЫРЗАМАННЫҢ КІШІ БЕЛГІЛЕРІ

• Мұхаммедтің (с.ғ.с.) жер бетіне пайғамбар болып жіберілуінің өзі – ақырзаманның алғашқы белгісі. Себебі, Пайғамбарымыз: «Қиямет пен мен бірге жіберілдім», – деп, сұқ саусағы мен ортаншы саусағын көрсеткені жайында деректер бар[8].
• «Қияметтің белгілерінің бірі – дін ілімі азаяды, сауатсыздық көбейеді, зина жасау етек алады, әйелдер көбейіп, еркектер азаяды. Тіпті, елу әйелдің бір ғана қараушысы болады»[9]
•  Әйелдердің саны ер кісілердің санына қарағанда әлдеқайда көп болады[10].
•  Расулулла (с.ғ.с.) сахабаларымен сөйлесіп жатқанда бір түздік араб келіп қияметтің қашан болатындығын сұрағанда, оған: «Аманат аяқ асты етілген кезде қияметті күте бер», – дейді. Сонда түздік араб кісі: «Мұны қалай түсінсек болады», – дегенде, Пайғамбарымыз: «Қызмет өз маманына берілмеген кезде қияметті күте бер», – деп жауап береді[11].
•  Көп қабатты үйлердің салынуы, өз ісінің маманы емес кісілердің сөз сөйлеуі мен билік етуі[12]
•  Адам өлтіру оқиғасының көбеюі[13].
•  «Жалаң аяқ, жалаңаш және кедей шопандардың да үй салуда бір-бірімен жарысқандарын көресіңдер»[14].
•  «Мен Алланың Елшісімін» деп, өзін пайғамбар жариялайтын отызға жуық жалғаншы дажжалдар шығады.
•  Екі үлкен Ислам әскерлері бір-бірімен шайқаспайынша, қиямет болмайды[15].
•  Мал дүние судай болып ақпайынша, фитнәлар және жөнсіз жерде адам өлтіру көбеймейінше, қиямет болмайды[16].

Имам Шарани ақырзаманның белгілері жайында Әбу Нуаймның риуаят еткен мына хадисіне көз жүгіртіп қарайтын болсақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамдар арасында мынадай жайттардың етек алатындығынан хабар береді.

  • Адамдар намаздарын қаза етеді, тіпті оқымайды.
  • Нәпсіге бой алдыып, ойына келгенін жасайды
  • Аманатқа қиянат етеді.
  • Харам нәрселерді халал деп санайды.
  • Өсімнен түскен ақшаны ойланбастан жейді.
  • Пара алушылық көбейеді.
  • Зәулім үйлер салынады.
  • Дүниеге қызығып, дінін сатады.
  • Туыстық қатынастар үзіледі.
  • Төрешілер мен қазылар үкімді сататын болады.
  • Жастардың үкімет басына келуі.
  • Жабайы аңдардың терілерінен киімдер тігіліп киіледі.
  • Ерлі  зайыптылардың ажырасуы көбейеді.
  • Зина жасау етек алады.
  • Сенімді, адал кісілерді опасыз адамдай көреді.
  • Опасыз, өтірікші кісілер сенімді халге келеді.
  • Жала жабу мен жалған куәгерлік көбейеді.
  • Жауыннан апаттар, селдер болады.
  • Зекет берілмейтін болады.
  • Ішімдік ішу көбейеді.
  • Ол кездерде кейбір пасық, өтірікші, күнәһар ел басылары мен әкімдер болады.
  • Балаларды тәрбиелейтін тәрбиешілер болады.
  • Құран оқитын пасық және күнәһар хафыздар болады.
  • Жағымсыз ғалымдар болады.
  • Опасыз, өтірікші саудагерлер болады.
  • Құран Кәрімді әшекейлеу әдетке айналады.
  • Мұнаралар биік болады.
  • Бастықтар көбейеді.
  • Дін ілімін білетін ғалымдар, фақиһтар азаяды.
  • Сенімді кісілер азаяды.
  • Кедейлер көбейеді.
  • Алланың қойған жазалары жарамсыз болып жүрмей қалады.
  • Әнші қыздар көбейеді.
  • Таразыдан жеу көбейеді.
  • Әйел өзінің бастығынан босанатын болады.
  • Әйелдер өздерін еркектерге, еркектер де өздерін әйелдерге ұқсататын болады.
  • Тек таныс кісілерге ғана сәлем беріледі.
  • Ілім – құлшылық ету үшін емес, дүние табу үшін оқылатын болады.
  • Ол кезде адамдар арасындағы кәпірлер мен залымдардың мәртебесі биік болып, құрмет етіледі.
  • Ол кезде адамдар арасында екіжүзділер мен күнәһарлар басым әрі күшті болады.
  • Надандар мәртебелі болады.
  • Тақуа кісілер адамдар арасында келеке-мазаққа айналады[17].

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ақырзаман таяғанда болатын жағдайларды осылайша 14 ғасыр бұрын үмметіне айтып кеткен. Осы айтылған мәселелерге қарап отырсаңыз, ақырзаманның көптеген белгілері бүгінгі техногендік ғасырымыздың дертіне айналып отыр.

АҚЫРЗАМАННЫҢ ҮЛКЕН БЕЛГІЛЕРІ

Хузайфа ибн Әсид әл-Ғыфариден жеткен риуаят бойынша, Хузайфа (р.а.) былай дейді: «Біз Мәдинада бір қорғанның көлеңкесінде отырғанбыз. Пайғамбарымыз бір шатырдың үстінде отырған еді. Сол сәтте Алланың Елшісі (с.ғ.с.) жоғарыдан бізге қарап тұрып: «Сендерді жұмыстарыңа қандай мәселе жібермей тұр?» – деп сұрады. Біз: «Сөйлесіп отырмыз», – дедік. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Не мәселе жайында сөйлесіп отырсыңдар?» – деді. Біз: «Қиямет қайымның уақыты жайында әңгімелесіп отырмыз», –  деп жауап бердік. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендер мына он нәрсені көрмейінше, қиямет қайым болмайды», – деді:

1. Тұманды (түтін) 
2. Дәжжалды
3. Даббатул арзды
4. Күннің батқан жақтан шығуын
5. Хазіреті Исаның (ғ.с.) көктен түсуін
6. Яжуж-Мәжуждың шығуын
7. Шығыс жақтағы бір жердің шөгуі 
8. Батыс жақтағы бір жердің шөгуі 
9. Араб түбегіндегі бір жердің шөгуі 
10. Иеменнің Аден жазығының ең шалғайынан бір от шығады. Ол от барлық жерді өртеп отырып, адамдарды махшарға дейін алып барады, –  деді[18].

Енді хадисте айтылған жоғарыдағы ақырзаманның 10 үлкен белгісіне жеке‑жеке қысқаша шолу жасап өтелік:

1. Тұман (духан) шығу

Қиямет қайым жақындағанда, жер бетін тұман қаптайды. Тұман қырық күн, қырық түн бойы жалғасады. Бұл тұманнан мүмін пенделер тұмауратып, кәпірлер мас адам секілді сенделіп жүретін болады. Жер бетін қаптаған тұманнан имансыз болған пенделер көз жұматындығы риуаят етіледі. Бір хадисте былай дейді: «Ақырзаманда бір тұман шығады. Бұл тұман кәпірлерді өлтіреді, мүміндерді тұмауратады[19]».

2. Дәжжалдың шығуы

Ақырзаман таяғанда, Дәжжал есіміндегі бір кісі шығып, адамдарға өзін құдаймын деп жариялап, жолымен жүруге үндейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтуы бойынша, бүкіл пайғамбарлар өз дәуірінде үмметін Дәжжалмен қорқытқан. Дәжжал сөзі  «өтірікші» деген ұғымды білдіреді. Хузайфадан жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оны былайша сипаттайды: «Дәжжал сол көзі соқыр, қалың қою шашты бір адам. Оның қасында жәннәт пен от бар. Оның оты негізінде жәннәт болып, жәннәті де тозақ болады»[20].

Әбу Бәкірден (р.а.) жеткен риуаят бойынша, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Дәжжал шығыс аймағынан, Хорасан деген жерден шығады. Оған ергендердің жүздері терімен қапталғандай ірі денелі адамдар болады»[21], – деген.

3. Даббатул арз (жерден шығатын хайуан)

«Дабба» сөзі  әрекет етуші, қимылдаушы дегенді білдіреді. Яғни, ақырзаманда «дабба» есімді бір хайуанның шығатындығын Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде айтып кеткен. Даббатул арз мәселесіне байланысты Құранда былай дейді: «Оларға айтылған (Қиямет) бастарына келген кезде, олар үшін жерден бір хайуан шығарамыз да, ол оларға адамдардың аяттарымызға мүлде сенбегендіктерін айтады»[22] .

Даббатул арз хайуан болғанымен, адам секілді әрекет етіп, мүмін мен кәпір пенделерді бір-бірінен айырып, мынау мүмін, мынау кәпір дейтіндей дәрежеге ие болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай дейді: «Даббатул арз өзімен бірге Дәуітұлы Сүлейменнің (ғ.с.) мөрі мен Имранұлы Мұсаның (ғ.с.) асасын алып шығады. Аса таяқпен мүміндердің жүзін жарқыратып, мөрмен кәпірдің мұрнын сындырады. Тіпті, бір үйге тамақ ішу үшін жиылған кезде елдер бір-біріне: «Әй, мүмін! Әй, кәпір!» – деп, бір-бірін ажыратып отыратын болады»[23].

Даббатул арздың қандай хайуан екендігі, неге ұқсайтындығы анық белгісіз. Бірақ кейбір хадистердегі белгілері арқылы оның жер бетінде ұқсасы жоқ, сондай бір үлкен хайуан болатындығын аңғаруға болады. Амир ибн Астың айтуы бойынша: «Даббатул арз қажылық кезінде Меккедегі бір ағаштан шығады. Басы бұлтқа жеткенімен,  аяғы әлі жерден шығып бітпейді».

Абдулла ибн Зубайр Даббатул арзды былай деп сипаттайды: «Даббатул арз жердегі хайуанаттардың мүшелерінен жиналған. Мысалы, басы өгіздің басына, көзі шошқаның көзіне, құлағы пілдің құлағына, мүйізі тау ешкінің мүйізіне, мойны түйеқұстың мойнына, құйрығы қошқардың құйрығына, аяғы түйенің аяғына ұқсайды[24]»

Даббатул арз қай жақтан шығады дегенге келсек, деректер оның Меккеге жақын жердегі сахара аймағынан шығатындығын меңзейді. Осы жөнінде Бурайда (р.а.) есімді сахаба: «Бірде Расулулла мені Меккеге жақын сахарадағы бір жерге алып барды. Ол жер құмды, құрғақ жер екендігін көрдім. Сол кезде Пайғамбарымыз: «Даббатул арз осы тұстан шығады»,  – деді. Көрсеткен жерге қарасам, бас бармақ пен сұқ саусақ арасындай ғана яки бір қарыстай ғана жер екен[25]», – дейді.

4. Күннің батқан жерінен қайта шығуы

Қиямет қайымның және бір белгісі – Алланың әмірімен табиғат заңдылығына қайшы құбылыс орын алып, күн батқан жерінен қайта шығады. Бұл күн жұма күніне орын алады. Күннің батыстан шыққанын көрген адам баласы сол сәт жаппай иман етіп, тәубелеріне келеді. Бірақ ол кездегі иман етулері мен жасаған тәубелері қабыл болмайды. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Күн батыстан шықпайынша, қиямет болмайды. Күн батыстан шыққанда адамдар оны көріп, жаппай иман етеді. Оған дейін иман етпеген немесе иманында жақсылық болмаған пендерлерге сол күні еткен имандары пайда бермейді»[26]. Екінші бір хадисте: «Күн батыстан шыққанға дейін Алла тәубе етушінің тәубесін қабыл етеді»[27].

5. Исаның (ғ.с.) көктен түсуі

Ақырзаман таяғанда, Дәжжал өзін құдаймын деп жариялап, түрлі сиқыр мен истидраж[28] көрсетіп жүрген уақытта, Алла көктен Иса пайғамбарды (ғ.с.) түсіреді. Иса (ғ.с.) жер бетіне түскен соң, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың дінімен жүріп, Исламды жаю үшін күреседі. Себебі, оған түсірілген дін Ислам келгеннен соң күшін жойған болатын. Иса (ғ.с.) Дәжжалды өлтіріп, адамдар арасында әділдік орнатады. Иса (ғ.с.) пайғамбардың ақырзаманда түсетіндігін және не істейтіндігін Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың мына хадисінен білуге болады: «Барлық пайғамбарлар әке жағынан бауыр болғанымен, аналары бөлек. Бірақ діндері бір. Мен – Мариямұлы Исаға жақынмын. Өйткені, мені мен оның арасында басқа пайғамбар келмеді. Расында, ол ақырзаманда жер бетіне түседі. Оны көрген кездеріңде мынадай ерекшеліктерімен танисыңдар:

1. Орта бойлы
2. Тәні қызыл мен ақ түске жақын
3. Үсті-басы өте таза; шаштарына су тимесе де су тәрізді болып тұрады
4. Ол айшықты (кресті) сындырады
5. Шошқаны өлтіреді 
6. Жан салығын жояды. 
7. Мал-дүние көп болып, судай ағады 
8. Адамзатты Ислам дініне шақырады
9. Алла Тағала оның кезінде Исламнан басқа діндерді жоқ етеді
10. Ол Алланың қалауымен Дәжжалды өлтіреді. 
11. Ол кезде жер бетінде бейбіт заман орнап, арыстандар түйелермен, жолбарыстар сиырлармен, қасқырлар қойлармен жайлауда бірге жүріп, балалар жыландармен ойнайтын болады.
12. Иса жер бетінде 40 жыл өмір сүргеннен кейін қайтыс болады және мұсылмандар оның жаназасын шығарып, жерлейді»[29].

Иса (ғ.с.) қайтыс болған соң, Алла Тағала Шам тарапынан суық бір жел жібереді. Осы желден жер бетінде жүрегінде иманы бар барша мүмін о дүниелік болады. Тіпті, біреулер таудың астына кіріп жасырынса да, желдің иісі арқылы бақилық болады. Ал, өзге имансыз, қара ниетті жандарға бұл желдің ешқандай әсері болмай, керісінше олар білгендерін жасап, ғұмыр кешеді. Шайтан олардың осындай есалаң сәттерін пайдаланып, оларды пұттарға табындырады. Мұның артынан көп ұзамай Исрафил сурға үрлеп, қиямет қайымның болатындығын Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтып өткен[30].

6. Яжуж – Мәжуждың шығуы

Ақырзаманның және бір белгісі ретінде Яжуж- Мәжуж атты екі тайпаның шығатындығы жайында аяттар мен хадистерде баян етіледі. Бұл қауымның кімдер екені белгісіз. Бірақ, хадистерде қорғанның ішінде қамалған Яжуж-Мәжуж елі ақырзаманда жер бетін құмырсқадай қаптап, олардың жүріп өткен жерлерінен шөп шықпайтындай болатындығы жөнінде айтылады.

Алдымен Құрандағы Яжуж-Мәжуж жайында айтылған аятқа тоқталып өтейік: «Олар: Әй, Зұлқарнайын! Яжуж-Мәжуж бұл жерде бұзақылық істеуде. Саған салық төлесек, олар мен біздің арамызға бір бөгет жасайсың ба? – деді. Зұлқарнайын: Раббымның маған бергені одан артық. Сендер маған көмектессеңдер, олармен араларыңа бір бөгет жасайын. Маған темір тақтайлар әкеліңдер, – деді. Екі беттің арасы теңелген кезде: Көріктеңдер, – деді. Ол от болған сәтте: Маған еріген мыс әкеліңдер, үстіне құяйын, –  деді. Сонда олар одан аса алмады да, тесе алмады. Зұлқарнайын: Бұл – Раббымнан бір мархамет. Қашан Раббымның уәдесі келсе, оны жермен-жексен қылады. Сондай-ақ, Раббымның уәдесі хақ, –  деді»[31].

Аят мағынасы бойынша пайымдасақ, Зұлқарнайын Алланың әмірімен Яжуж-Мәжуж деген қауымды бір жерге (тау астына деп келтіреді) қамаған. Ақырзаман таяғанда, Яжуж-Мәжуж сол қорғанды тесіп шығып, жер бетін жайлап, ел арасында бүлік шығармақ.

7. Шығыста бір жердің батуы 
8. Батыста бір жердің батуы 
9. Араб түбегінде бір жердің батуы

Хадисте айтылғандай, шығыста, батыста, араб түбегінде бір жердің батуымен ақырзаманның таялғаны анық болады. Бірақ, бататын жерлердің қай мемлекетте болатындығын тек Алла Тағала біледі Демек, ақырзаманның үлкен белгілері жайында кеңірек мағлұматымыз болмағандықтан, біздер айтылған хадиске сеніп, қиямет қайымның хақ екендігін мойындап, тек Алладан ғана медет тілейік.

10. Хижаз тарапынан үлкен от шығады

Ақырзаманның соңғы белгісі Хижаз тарапынан үлкен бір оттың шығып, шартарапты жарық қылатындығы хадисте айтылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында былай дейді: «Хижаз жерінен шығатын, Бусрадағы[32] түйелердің мойындарын жарқырататындай бір от шықпайынша қиямет қайым болмайды»[33].

Осы жерге дейін ақырзаманның белгілерін айтып келдік. Бірақ қиямет қайымның аласапыранын көретін пенделер жаман адамдар мен иман етпеген жандар болады. Ал жүрегінде иманы бар пенделер қияметқайымның сілкінісін көрместен бұрын жан тапсырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында былай дейді: «Алла Тағала Иемен тарапынан жібектен де жұмсақ болып тиетін бір самал естіреді. Бұл самал жүрегінде бидайдай иманы болған пенделерді бақилық етеді[34]».

Ақырзаманда келетін Мәһди

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ақырзаманға байланысты айтқан хадистері ішінде әһли бәйіттен, яғни пайғамбар ұрпағынан Мәһди есімді бір кісінің келетіндігі айтылады. Мәһди  тура жолға бастаушы деген ұғымды білдіреді.

Абдулла ибн Мәсғудтан риуаят бойынша Алла елшісі  (с.ғ.с.) былай деген: «Әлемнің бір күндік өмірі қалса да, Алла ол күнді ұзатып, менің бір адамымды сол күні жібереді. Яғни, әһли бәйітімнен  біреуді жібереді. Бұл кісінің аты менің атыма ұқсас, әкесінің есімі әкемнің есіміне сәйкес келеді. Ол адам жер бетіндегі зұлымдықты жойып, орнына әділеттілікті орнатады»[35].

 


[1] «Хаж» сүресі, 12-аят
[2] «Мағариж» сүресі, 8-10-аяттар
[3] «Инфитар» сүресі, 15-аят
[4] «Қиямет» сүресі, 6-12-аяттар
[5] «Лұқман» сүресі, 34-аят
[6] «Фуссилат» сүресі, 42-аят
[7] «Ағраф» сүресі, 187-аят
[8] Муслим, Фитән 132; Тирмизи, Фитән 39
[9] Бухари риуаяты
[10] Бухари, Худуд, 20
[11] Бухари риуаяты
[12] Бухари, Иман 37, Муслим, Иман 1
[13] Бухари, Фитән 25
[14] Муслим риуаяты
[15] Бухари, Фитән 25
[16] Хадия ансиклопедиси, Кутубус ситте, 17-том, 1234-хадис
[17] Имам Шарани, ж.к.е. 449-456 бет
[18] Муслим, Фитән 39, Ибн Мәжа, Фитән 28
[19] Муслим, Мунафиқун 39
[20] Муслим риуаяты
[21] Тирмизи риуаяты
[22] «Нәміл» сүресі, 82-аят
[23] Ибн Мәжа, фитән 31
[24] Ибн Кәсир, Китабуннихая, 1-том, 163-бет.
[25] Ибн Кәсир, Китабуннихая, 1-том, 161-бет
[26] Бухари, Фитән 25; Муслим, Иман 72; Әбу Дәуід, Мәлахим 12
[27] Муслим, 1- том, 138-хадис
[28] Табиғат заңдылығына қайшы келетін имансыз пенденің көрсеткен кереметтері
[29] Бухари, Әнбия 48; Муслим, Фәзәйл 143; Әбу Дәуід, Сүннет 13
[30] Муслим, Фитән 23; Ахмед ибн Ханбал, ІІ-том, 166-бет
[31] «Кәһф» сүресі, 94-98-аяттар
[32] Сирия мемлекетіндегі бір ауылдың атауы
[33] Муслим, Фитән 42
[34] Муслим, Фитән 23
[35] Әбу Дәуід, Тирмизи, Фитән 52