Дәреттегі күмәннан қалай арылуға болады?

21 тамыз 2021 8841 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум!

Менде кейде дәретханадан шыққан соң іш киіміме бірер зәр тамшысы тамғандай күмән пайда болады. Тамған немесе тамбағанын анық білмеймін. Намазға дәрет алар кезде, осы жайт мені мазалайды. Осындай күмәннан арылу үшін не істеуге кеңес бересіздер?


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Сауал қоюшы айтқандай, дәретханадан шыққан соң киімге зәр тамшысы тамғандай болуы тек күмән ғана. Ал, шариғат қағидасы бойынша күдік (нәжіс) анық жайтты (дәретті) бұзбайды. Себебі, нәжіс тамғаны анық емес, күдікті. Ал, алған дәреті анық қимыл-әрекет. Фиқһ қағидасында болса: «Анық жайт күмәнмен жойылмайды[1]», – деп көрсетілген.

Бұған қоса, мынадай екі ықтимал жағдай болуы да мүмкін.

Біріншісі, дәрет алушы осындай жағдаймен бұрын-соңды кездеспеген болса, яғни тосыннан алғаш рет орын алса, намаз оқуы үшін киімнің нәжіс тамған жерін тазалап, қайтадан дәрет алу қажет. Міне, осы дәретпен қалағанша парыз және нәпіл намаз оқуына болады.

Екінші, зәр тамуы сырқатына байланысты қалыпты жағдай және үнемі қайталанып тұратын болса, үзірлі адам дәретінің үкімін қолданады. Яғни, әрбір намаз уақыты үшін жеке дәрет алуы қажет. Сол дәретпен келесі намаз уақытына дейін зәр тамса да, дәреті бар адам секілді намаз оқуына, Құран кітабын ұстап тиләуат етуіне рұқсат.

Әсілі, мұндай күмәннің ақиқатпен ешбір байланысы жоқ. Мұндай күмән адамды Раббысымен байланыстырып тұрған дәретін қате деп санату үшін шайтанның жасайтын азғыруы ғана. Құлшылықтағы күмән торына түскен адам шайтанның оңай олжасына айналары сөзсіз. Себебі, шайтан адамның қан тамырымен жүріп, азғыруын тоқтатпайды.

Сондай-ақ, осындай мәселелермен бетпе-бет келген адам Исламның жеңіл және оңайлық діні екенін ұмытпағаны жөн. Өйткені, Құран Кәрімде: «...Сендерге дінде қиындық қылған емес...[2]» және «...Алла Тағала сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды...[3]», – деп әмір етілген.

Сонымен бірге, күмәнға жол бермей дәретке ерекше мұқият болып шайтанның уәсуасасын жеңіп отыру керек.

 


[1] Шарх қауағид фиқһиа, 79-бет
[2] Хаж сүресі, 78-аят
[3] Бақара сүресі, 185-аят

Пікірлер Кіру