НАУҚАС АДАМНЫҢ ОРАЗАСЫНА ҚАТЫСТЫ СҰРАҚТАР

28 ақпан 2024 1193 0
Оқу режимі

Ауырған адамның ораза ұстауына бола ма?


Жауап

Оразаның себебінен ауру асқынып кететін болса немесе баяу жазылатын болса, ораза тұтпауға болады[1]. Тіпті аузын ашпаған жағдайда көзі қатты ауырса немесе ыстығы көтерілсе, оразаны бұзуға рұқсат етіледі. Сондай-ақ, науқас төсек тартып жатып қалса, тұрып намаз оқуға шамасы келмей қалса да аузын ашуға болады[2]. Әрине бұл жерде тәжірибеге немесе білікті дәрігердің нұсқаулығына жүгінеді. Емделіп болғаннан кейін ұстай алмаған оразасының қазасын өтейді. Алла Тағала Құранда былай дейді: 

فَمَنْ كَانَ مِنْكُمْ مَرِيضًا أَوْ عَلَى سَفَرٍ فَعِدَّةٌ مِنْ أَيَّامٍ أُخَرَ

«Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтесін»[3].

Алайда рамазан айында аурудың барлық түріне ауыз ашуға рұқсат етіле бермейді. Кейде ораза ұстау науқастың дертіне шипа болуы мүмкін. Өйткені ораза ұстаудың көптеген ауруларға ем болатыны ғылыми тұрғыда дәлелденген[4].

 

Сұрақ: Егде жастағы адамға және созылмалы дерті бар кісіге ораза ұстамауға бола ма?

Жауап: Жылдың басқа мезгілінде ораза ұстауға шамасы келмейтін қария кісіге және созылмалы дерті бар кісіге (өмір бойы ауыратын) ораза ұстамауға рұқсат етіледі[5]. Оларға қазасын өтеу де шарт емес. Оларға күніне бір міскінді ораза кәффаратындағыдай тамақтандыру (таңғы және кешкі ас) уәжіп болады[6]. Бұл жөнінде Алла Тағала былай деген: 

وَعَلَى الَّذِينَ يُطِيقُونَهُ فِدْيَةٌ طَعَامُ مِسْكِينٍۖ    

«Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар қаза болған әр күнге) підия ретінде бір жарлының (бір күндік екі мезгіл) тамағын (немесе соның құнын ақшалай) беруі керек»[7].

Ибн Аббас бұны ораза ұстауға шамасы келмейтін үлкен жастағы қария кісі мен қартайған әйел деп түсіндірген[8].

Підия – (орта есеппен) бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы[9]. Підияны пітір садақа мөлшерімен есептеуге де болады. Підияны рамазан айының басында немесе соңында беруге болады[10].

Бірнеше күннің підиясын бір адамға немесе бірнеше адамға бөліп бере алады. Бұл садақа халықтың кедей топтарына, тұрмыстық жағдайы төмен көп балалы отбасыға, халі нашар мүгедек жандарға үлестіріледі. Підия беруге жағдайы болмаса, одан да босатылады. Алла Тағаладан кешірім тілейді[11].

Науқас адам алдағы уақытта созылмалы ауруынан айығып кетсе, әлсіреген адам күш жинаса, үзірі кеткен болып саналады да, берген підиясы жойылады[12]. Яғни бұрынғы оразалардың қазасын өтейді. Өйткені підия беру үшін науқастың әлсіздік, сырқатты жағдайы өліміне шейін жалғасуы шарт[13].

 

Сұрақ: Адам қант ауруына шалдығып, ораза ұстай алмаса не істеу керек?

Жауап: Ауру – ораза ұстамауға рұқсат ететін үзірлердің бірі. Имам Нәсәфи «Кәнзу әд-Дақайқ» кітабында: «Аурудың асқынуынан қорықса, аузын ашуға рұсат»[14], – деген.

Бірақ бұл ауруларды екіге бөліп қараймыз:

Біріншісі: Жазылатын ауру. Мұндай жағдайда ауызды ашуға болады. Кейін ауруынан айыққан соң қазасын өтейді. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 184-аятында: «Ал кім науқас болып немесе сапар шегіп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын», – деген.

Екіншісі: Оразаға шамасы жетпейтін, созылмалы (хроникалық) ауру. Бұл жағдайда ораза ұстамай әр күніне підия береді. Алла Тағала жоғарыдағы аяттың жалғасында: «Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар мен созылмалы дертке шалдыққандар) підия ретінде бір жарлының тамағын беруі керек», – деген.

 

«Рамазан оразасына қатысты пәтуалар» кітабынан

 

[1] «Радду әл-мухтар», 3/403-404.

[2] «Әл-Фәтәуа әт-Татархания фил-фиқһи әл-ханафи», 2/114.

[3] «Бақара» сүресі, 184-аят.

[4] Абдулхамид Махмуд Туһмаз, «әл-фиқһ әл-ханафи фи сәубиһи әл-жәдид», 1/437.

[5] «Радду әл-мухтар», 3/410. Абдулхамид Махмуд Туһмаз, «әл-фиқһ әл-ханафи фи сәубиһи әл-жәдид», 1/442.

[6] «Әл-Һидая шарху бидаяту әл-мубтади мәғә шархи әл-әлләмәти Абдулхаи әл-Ләкнәуи», 2/270. «Радду әл-мұхтар», 3/410.

[7] «Бақара» сүресі, 184-аят.

[8] Әт-Таһанауи, «Иғләу әс-сунән», 6/2891. Бұхари, №4505.

[9] «Фәтәуа әт-Тарахания», 2/117.

[10] «Радду әл-мухтар», 2/427. «Әл-Бәхру әр-райық шарху кәнз әд-дәқайық», 2/308.

[11] Абдулхамид Махмуд Туһмаз, «әл-фиқһ әл-ханафи фи сәубиһи әл-жәдид», 1/442-443.

[12] «Әл-Фәтауа әл-һиндия», 1/227.

[13] «Әл-Һидая шарху бидаяту әл-мубтади мәғә шархи әл-әлләмәти Абдулхаи әл-Ләкнәуи», 2/270. «Радду әл-мухтар», 3/410.

[14] «Кәнзу әд-дақайқ», 28-бет.

 

Пікірлер Кіру