ҚҰРБАНДЫҚ ШАЛАТЫН КІСІ ШАШ-ТЫРНАҒЫН АЛМАУЫ КЕРЕК ПЕ?

12 маусым 2024 1951 0
Оқу режимі

ҚҰРБАНДЫҚ ШАЛАТЫН КІСІ ШАШ-ТЫРНАҒЫН АЛМАУЫ КЕРЕК ПЕ?


Жауап

Зул-хижжа айы кіріп, құрбандық шалғанша шаш-тырнақты алмау мұстаһаб саналады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَن كانَ له ذِبْحٌ يَذْبَحُهُ فإذا أُهِلَّ هِلالُ ذِي الحِجَّةِ، فلا يَأْخُذَنَّ مِن شَعْرِهِ، ولا مِن أظْفارِهِ شيئًا حتَّى يُضَحِّيَ

«Зул-Хижжаның алғашқы он күні кіріп, сендердің бірің құрбан шалуды қаласа, құрбандық шалғанға дейін шаш-тырнағын алмасын»[1].

Бұл хадистегі бұйрық рай уәжіпті емес, мұстаһабты білдіреді[2]. Мұндағы «шаш-тырнағын алмасын» дегеннің негізгі хикметі – тозақтан мойны азат болғанша денесінен еш нәрсе алынбай толық күйінде қалдыру немесе қажылыққа ихрам киген адамдарға ұқсауды білдіреді[3].

Сондықтан құрбандық шалуды ниет еткен адам шаш-тырнағын ала беруінің оқасы жоқ[4]. Себебі Айша анамыздан жеткен риуаятта ол былай дейді:

كنت أفتل قلائد هدي رسول الله صلى الله عليه وسلم بيدي، ثم يبعث بها وما يمسك عن شيء، مما يمسك عنه المحرم، حتى ينحر هديه

«Мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрбандығына ілетін алқаны өз қолыммен дайындайтынмын. Алла елшісі оны (Меккеге) жіберіп құрбандығы шалынғанша ихрам киген адамдарға тыйым салынған нәрселерден тыйылмайтын»[5]

 

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

 

[1] Муслим, №1977

[2] Ибн Абидин, «Радду әл-мухтар», 3/66. «Әл-Ишраф әлә мәзһәби әл-уләмәи», 3/412.

[3] Шәукәни, «Нәйлу әл-әутар», 5/133.

[4] Тахауи, «Шарху мағани әл-асар», 4/182.

[5] Муслим, №1321.

Автор: Қожанов Қасым

Пікірлер Кіру