Мәулітті мерекелеу дұрыс па?

16 қараша 2018 435 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Діни кеш ретінде ақшам немесе құптан намазынан кейін Құран оқытып, артынан жиналған жұртшылыққа уағыз-насихат айтып, мәулітті атап өтуге шариғат не дейді? Жалпы, бірқатар араб елдерінде атап өтіледі екен, біздің елде де аталарымыз мәулітке қой сойып, мәуліт оқушы еді деп еске алады.


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Мәулітті атап өту – ең абзал амалдардың бірі. Өйткені, бұл Пайғамбарға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілік пен қуаныштың көрінісі. Ал, Пайғамбарды (с.ғ.с.) жақсы көру – иман негіздерінің бірі. Хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) : «Сіздер мені ата-анаңыздан, бала-шағаңыздан және барша адамдардан артық жақсы көрмейінше, кәміл иманды болмайсыздар[1]», – деп ескерткен. Сонымен қатар, Пайғамбар (с.ғ.с.) «Бұл мен туған күн[2]», – деп, өзінің дүйсенбіде ораза тұтуын Жаратқанға шүкіршіліктің бір көрінісі ретінде айшықтап айтуда.

Жоғарыда айтылған себептермен бірге, отбасына қуаныш сыйлау, туыстық қарым-қатынас жасау сияқты ізгі мұрат қосылса, мұстахаб болады. Мәуліттің атап өтудегі мақсат Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғибратты ғұмырын насихаттау және таныту болса, шариғатқа құба-құп болады. Өйткені, мұрат-мақсатқа жетуге себепші құралдың үкімі – мақсаттың үкімімен тең болады.

Ал, мәулітті бидғат және дінге қайшы деп кесіп айту дұрыс емес. Шариғат құптамайтын және адасушылық боп есептелетін бидғат Құран, сүннет, сахабалар жолына және ғұламалар бірауыздан келіскен мәселеге қайшы болуы керек.

Бурайда әл-Әсләми (р.а.): Алла елшісі (с.ғ.с.) жорықтың біріне шыққан кез еді. Жорықтан оралған шақта бір қара әйел келіп: Уа, Алла елшісі! Сізді Алла аман-есен қайтарса, даңғарада ойнап, ән айтамын деп нәзір еткен болатынмын, – дейді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.): Егер нәзір еткен болса жаса, әйтпесе жасама[3], – дейді.

Міне, бұл Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көзі тірісінде болған оқиға. Алайда, мәуліт өткізу ең соңғы адамзатқа жіберілген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмірінен тәлім алу, сүннетін оқып-үйрену мақсатында болуы қажет.

 


[1] Бұхари
[2] Муслим
[3] Ахмед, Тирмизи

Руслан Камбаров

Тегтер: мәуліт
Пікірлер Кіру