Науқас адамның оразасы

08 мамыр 2019 961 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Сырқаттанған адам ораза тұтады ма? Мұндай жағдайда не істейді? Науқас адамның ораза жайлы кеңірек түсіндіріп айтсаңыздар.  


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Пенделеріне мейірімділік және жеңілдік болуы үшін Алла Тағала науқас адамға рамазан айында ораза тұтпауға рұқсат еткен[1]. Құран Кәрімде: «...Ал, сендерден кім ауру не сапарда болса, онда басқа күндерде (оразасын тұтсын)»,[2] – деп әмір етілген.

Сондықтан, науқас адам ауруы асқынуынан қауіптенсе ораза тұтпайды. Емделген соң қазасын өтеп береді. Ал, ауруы асқынуы өмірлік тәжірибеге немесе білікті дәрігер маман айтуымен анықталады. Бұған қоса, ораза тұту емделуін кешіктірсе немесе баяулатса да ораза тұтпайды. Өйткені, аурудың емделуі баяуласа адамның өміріне қауіпті. Ал, мұндай жағдайдан сақтанған жөн[3].

Науқас емделіп болған соң, тұтпаған күндерінің қазасын өтеп береді. Рамазан қазасын өтеуде кісінің ораза күндерінің арасын үзбей немесе бөліп тұтуында ерікті. Алайда, мойындағы парызды ертерек өтеу үшін үзбей тұтуы құп саналады[4].

Науқас емделіп бірер күннен кейін қайтыс болса, марқұмның атынан туыстары оның сауыққан күндері шамасынша бір күн үшін бір адамға ас береді[5].

 


[1] «Бақара сүресі», 184-аят
[2] Мұхаммад Әли Сабуни, Рауаиғ Байан І-том, 186-бет
[3] Шейх Абдулғани әл-Ғұнайми Димашқи Ханафи Майдани, әл-Лубәб, 167-бет
[4] Жоғарыдағы сілтеме, 168-бет.
[5] Жоғарыдағы сілтеме, 168-бет

Пікірлер Кіру