Намаз оқымайтын ананың асы харам ба?

11 шілде 2018 9918 0
Оқу режимі

Намаз оқымайтын ананың асы харам ба?

Намаз оқымайтын, діннен алыстау әке-шешелерінен безіп, олармен қатынастарын мүлде үзіп жатқан жастарды туралы естіп жатамыз. Тіпті намаз оқымайтын шешесінің жасаған асын «кәпірдің тамағы» деп жеуден бас тартатын көрінеді. Сұрайын дегенім, дінге бет бұрған бұл жастар неліктен мұндай келеңсіз әрекеттерге барады? Олар неге дін насихатында мұншалық қатал? Жоқ, әлде шынымен де, шариғат жүктеген парыздарға салғырт қарайтын, тіпті тыйған күнәларды жасап жүргендердің бәрі дініміздің үкімі бойынша «кәпір» ме? Дін насихатының нәтижелі болуы үшін қандай тәсілді таңдаған дұрыс?


Жауап

Сіз сұрақта айтып отырған әрекеттер көбіне «тәкфир» жамағатының уағызына уланған адамдардан байқаймыз. Сонымен қатар, кейде көкірігі иманға жаңа оянып, бейнебір басқа әлемге енгендей күй кешіп, рухы толқып жүрген кезде, сезімге әсіре берілген діни білімі таяз кейбір жандар осыған ұқсас қате әрекеттерге жол беріп жатады. Кісіге осындай кезде дұрыс бағыт берілмесе, бара-бара жүрегі қатайып, қатігездікке ұрынады. Мұндай адамға айтқан уағызын жылы қабылдамаған адамдардың бәрі дұшпан болып көріне бастайды. Әуелі жанұясымен сыйыспай, кейіннен жора-жолдастарынан айырылып, артынша туысқандарынан суыи бастайды. Сөйтіп өзі өмір сүрген қоғамнан бүтіндей жиреніп, тек өз өзімен шектеледі де, аяғында тарығып тығырыққа тірелгенде діннен безіп кетуі де мүмкін. Алла Елшісі (с.ғ.с) бір хадисінде: «Шын мәнінде дін – жеңіл. Кімде-кім дінде қатты кетіп, шектен шығатын болса, діннің толық талабын орындай алмай оған жеңіледі» – деген.

Ең әуелі, адамдардың жүрегіне иман нұрын құятын жалғыз Алла екенін ұмытпағанымыз абзал. Біздікі бар болғаны себепкер болу. Асықпау қажет. Біз дінге бет бұрмаған айналамыздағылардың бәрін «кәпір» десек, олар осыдан кейін мұсылмандықты, исламды жақсы көруі мүмкін бе? Тіпті, жақсы көргені былай тұрсын өзімізге түрлі айдар тағып, дұшпанға айналады. Ал дұшпанға айналған адамға дінді қалай түсіндірмексің?!

Алла Елшісінің өміріне бір мезет үңіліп көрелікші. Өзіне қиын сәттерде ұдайы қамқор болған немере ағасына ислам дінінің ақиқатын, өзінің шынайы пайғамбар екенін айтқанда оны бірден қабылдай кетті ме? Әрине, жоқ. Ал Алла Елшісі оның осынау күпір жауабын естігеннен кейін «сен кәпірсің» деп оған қатал қарсы шықты ма? Кешегі қиын кезеңде өзіне жасаған жақсылығын жинастырып қойып, тіпті ұлғайған жасын да сыйламастан үйінен безіп, қатынасын мүлде үзді ме? Әрине жоқ. Керісінше, Әбу Талибқа бұрынғы құрметінен артық ізет көрсетпесе, кемін көрсеткен жоқ. Алла Елшісінің басқаша әрекет етуі де мүмкін емес еді. Өйткені, ол Рахман Иеміз тарапынан күллі ғалам үшін рақым етіп жіберілген Рақым Пайғамбары еді. Ол адамзатты «кәпірге» санап, тозаққа толтыру үшін емес, мейірім қанатын жайып, жұмаққа кіргізу үшін келген-ді. Сегіз жылдан кейін Әбу Талиб жан тәсілім етер сәтте Алла Елшісі тағы да: «Уа, көкешім, «Лә иләһа илаллаһ» деші, Мен саған ақыретте шапағатшы болайын», – деп жалынғаны көп нәрсені көкейімізге салады. Иә, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) адамзатты жұмаққа жеткізу жолында көрсеткен мейірімге толы өнегесін айтып тауысу әсте мүмкін емес.

Мұсылмандарға қарсы соғыста мүшрік әскерлерінің қолбасшысы болған әрі мұсылмандарға үлкен соққы берген Халид ибн Уалидтің де тозақтық емес, жұмақтық болуын қалаған Алла Елшісі Мекке шаһарына Умраға барғанда: «Халидтай ақылды адамның исламнан жырақ жүруін түсінбеймін. Халидтағы ақыл оны міндетті түрде исламға әкеледі», – деп оған жүрек жарды сәлем жолдағаны бар. Алла Елшісінің өзіне жолдаған осынау сәлемін естігенде Халид алып ұшып, Рақым Пайғамбарының құзырына жетеді. Алдында тізе бүгіп, тілін калимаға келтіріп мұсылман болады.

Ал Алла Елшісінің тісі сынып, дулығасының темірі мүбәрак жүзіне кіріп үсті-басы қан жоса болған әрі мұсылман сабынан жетпіс саңлақ сахабаның, оның ішінде Хақ Елшісінің сүйікті немере ағасы Хамзаның да шейіттік шәрбатын татқан сол сұрапыл Ухуд соғысында Ардақты Елші (с.ғ.с.) өздерін осындай ауыр халге душар еткен мүшріктерге қарата: «Уа, Аллам! Менің мына қауымымды кешіре көр! Олар менің шынайы Пайғамбар екенімді білмейді» – деп Жаратқаннан олар үшін кешірім тілеп, дұға етуі біздерді бір сәт ойландыруға тиіс. Алла Елшісі (с.ғ.с.) Өзінің әрі күллі мұсылмандардың өмірін қатерге тіккен мүшріктерге: «Кәпірлер, тозаққа отын болыңдар!», – деп лағнет оқып, қарғаған жоқ. Өйткені, ол адамзатты жұмаққа жеткізуге келген мейірім Пайғамбары еді.

Ардақты Әз Пайғамбарымыздың алдына (с.ғ.с.) Әбу Бәкірдің қызы Әсма (Алла екеуіне де разы болсын) келіп: «Уа, Алланың Елшісі, менің шешем әлі пұтқа табынатын жан. Маған келіп тұр. Мен не істейін?», – деген сәтте Алла Елшісі: «Шешеңе қолыңнан келер бар жақсылығыңды жаса!», – дегенін қалай ғана ұмытуға болады?! Ал енді пұтқа табынатын шешесіне жақсылық жасауды бұйырған кешегі Ислам діні бүгін қалай ғана саған адал ақ сүтін беріп, мәпелеп өсірген, ғұмыр бойы сенің өміріңді тілеген ата-анаңа «кәпір» деп қарсы шығуға шақыруы мүмкін? Ол ғана емес, дініміз, тіпті, Аллаға сенбейтін адамдарға жақсылық жасауға да тыйым салмайды. Керісінше олардың өзіне әділдікпен қарым-қатынас жасауға шақырады. «Мұмтахина» сүресінде былай делінеді: «Дін турасында сендермен соғыспаған әрі сендерді өз отандарыңнан қуып шығармаған адамдарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділетті болуларыңа Алла Тағала қарсы емес. Өйткені, Алла Тағала әділеттілік жасағандарды жақсы көреді».[1]

Кісінің намаз оқымағандығы яки қандай да бір басқа ауыр күнә жасауы оны діннен шығарып, кәпір қатарына қоспайды. Алла Елшісінің заманында болған мына бір оқиғаны мысал ретінде келтірейін. Бұхаридың риуаятында арақ ішкен бір кісіні Алла Елшісінің алдына жаза ретінде дүре соғуға алып келетіні айтылады. Сонда сол жердегі бір кісі: «Алла оған лағынет етсін! Бұл ісін қалайша көп қайталайды» – дейді. Мұны естігін Алла елшісі (с.ғ.с.): «Оған лағынет айтпа, ол Алланы және Оның елшісін жақсы көреді»[2], – деп араша түседі.

Иә ол сахаба арақ ішкен әдетін әлі қоя алмаса да Аллаға және Оның Әз Елшісіне иман келтірген әрі жүрегімен жақсы көретін шынайы мұсылман-ды. Оған лағынет айту «жығылғанға жұдырық» болар еді. Ал Алла Елшісі оған да араша түсіп, аяққа тұрып кетуі үшін мейірім қолын созды. Бәлкім ол сахаба одан кейінгі өмірінде түгелдей тақуалыққа бет бұрып, жұмаққа қарай самғап ұшқан болар. Ол жағы бізге беймәлім. Бір білетініміз, Алла Елшісінің аузынан оған қарата айтылған «Алланы әрі Оның Елшісін жақсы көреді» деген сүйінші сөзі еді.

Бұхари мен Мүслим және басқа да хадис жинақтарында тағы да мынандай оқиғаға куә боламыз. Алла Елшісі: «(Сендерден бұрынғы бір қауымда) күнәсі көп бір адам бар еді. Ол өлім алдында балаларына былай деп өсиет қалдырды: «Мен өлсем, менің денемді өртеңдер. Сосын сүйегімді үгітіп, желге және теңізге шашыңдар. Аллаға ант етейін, егер Алла менің денемді қайта жинай алса, онда мені ешкімді азаптамаған азаппен азаптайды», – дейді. Балалары айтқанын орындайды. Қайта тірілту басталғанда Алла Тағала жерге «денесінен не алсаң соны алып кел» деп бұйырғаны сол екен дереу әлгі адам жиналап тұра қалады. Алла Тағала оған: «Сенің бұлай өзіңді жағып, күліңді шаштыруыңа не итермеледі», – дейді. Сонда әлгі кісі: «Саған деген қорқыныш» деп жауап береді. Алла Тағала осыған бола оны кешірді»[3], – дейді. Бұл оқиғадан ұққанымыз, Алланың құлдарына деген рақымы қандай шексіз.

«Егер Алла менің денемді қайта жинай алса, онда мені ешкімді азаптамаған азаппен азаптайды» деп Алланың денесін қайта жинай алатын шексіз құдіретіне білместікпен шәк келтірген адамның өзіне Жаратқан Иеміз кешірімін берді. Неге? Өйткені, оны ондай іске итермелеген Алланың азабына деген жүрегіндегі зор қорқынышы еді. Міне оның осы ниеті үшін Алла Тағала оны рақымына бөлеп, күнәсін кешірді.

Ал намаз оқымағандығын желеу етіп шешесінің әзірлеген тамағынан бас тарту, тіпті, бассыздық. Құранның «Маида» сүресінің бесінші аятында намаз оқымақ түгілі мұсылман да емес кітап иелерінің тамағын жеуге анық рұқсат етілген. Ал енді Алладан басқа тәңір жоқ деген жүрегінде иманы бар ең жақын адамың – анаңның әзірлеген тамағын тәрк ету – оны еврей мен христиан құрлы көрмеу деген сөз.

Кейбір бауырларымыздың кәпірге шығарып жүрген адамдарының көбі Алланы бір деп таныған жандар, Пайғамбарды Оның Елшісі деп мойындайтындар. Ал Алла Елшісі «Лә иләһа иллалаһ» сөзі кісіні түбі жұмаққа кіргізетіндігін: «Кімде-кім Алладан басқа тәңірдің жоқтығына иман келтірсе, жұмаққа кіреді», – деп сүйіншілемеп пе еді?!

Ұсама ибн Зәйд сахабаның басынан өткен мына бір оқиға «Лә иләһа иллаллаһ» сөзінің салмағын көрсетеді. Ұсама ибн Зәйд дұшпандармен болған қиян-кескі соғыста жаудың бір әскеріне енді қылышын көтеріп, басын шабуға ұмтылғанда әлгі адам: «Лә иләһа иллаллаһ» деп қалады. Ұсама оның бұл сөзін қорыққаннан айтылған айла деп ұққандықтан, әлгіні өлтіріп тастайды. Кейіннен оқиға Алла Елшісіне баяндалғанда Алла Елшісі қатты кейіп, Ұсамаға: «Алланы аузына алған бір адамды өлтірдің бе?» – дейді. Ұсама болса: «Ол оны қорыққаннан айтты ғой», – деген уәж айтады. Сонда Пайғамбарымыз: «Оның ол сөзді қорыққаннан яки шын ниетімен айтқанын сен қайдан білдің, жүрегін жарып көрмедің бе?! Ертең ақыретте «Лә иләһа иллаллаһ» сөзі жағаңа жабысса жағдайың нешік?», – деп қатты кейіс білдіреді. Бұл сөзін бірнеше рет қайталағаны соншалық, Ұсама ибн Зәйд: «Әттең-ай, осы уақиғаны басымнан өткізбегенімде ғой. Осы сәтке дейін мұсылман болмай тұра тұрғаным әлдеқайда артық па еді», – деп өмір бойы қатты өкінеді.

Иә, тіпті соғыс сәтінде дұшпанның айтқан күмәнді «Лә иләһа иллаллаһ» сөзінің мұншалық салмағы болса, шынайы айтылған бұл сөзді көрместікпен келіп, ата-анаң мен айналаңдағыларды кәпірге шығарудың күнәсін енді өзіңіз салмақтап көріңізші.

Ендеше айналамыздағыларды жаппай «кәпір» деп кінәлағаннан гөрі оларға дін құндылығын қалай жеткізсек деген уайым әрдайым көкейімізде тұруға тиіс.

Иә, кешегі ғасырға жуық құдайсыздық ғылымын насихаттаған кеңестік кезеңнің азаматтарымыздың санасына салған сызаты түгелдей айығып, көкіректе қалдырған күпірлік күдігі әлі де бүтіндей кеткен жоқ. Бұған әрине бәрінен бұрын уақыт, даналықпен жасалған насихат, көркем мінезбен көмкерілген қарым-қатынас, хикметке толы түсіндіру жұмыстары қажет.

Кейде білімі төмен, интеллектуалы жоқ адамдардың айтқан дөрекі уағыздары тыңдаушының құлағына түрпідей тиіп, керісінше кері әсерін тигізіп жатады. Сөйте тұра тыңдаған адамы айтқанына бас шұлғып мақұлдамаса немесе бірден намаз оқып кетпесе, оларды «кәпірге» шығарып, тозаққа тастап жататындарды да кездестіріп жатамыз.

Дін түсіндіремін деп қаталдыққа, дөрекілікке бару аса қауіпті. Бұл тұрғыда Ибраһим Пайғамбардың әкесі Әзарды дінге шақырған сәті ойланғанға ғибрат. «Ибраһим әкесі Әзарға: «Уа әкешім! Неліктен (сенің мұңыңды) естімейтін, (мұқтаждығыңды) көрмейтін, саған ешқандай пайда тигізе алмайтын мына пұттарға табынудасың? Әкешім! Саған жетпеген бір білім берілді маған. Айналып кетейін, маған ерсең сені түп-түзу тура жолға бастаймын. Әкешім! Шайтанға табынба! Өйткені, ол Рахманға асылық етіп, күнә жасауда. Әкешім саған Рахманның ғазабы тие ме деп қорқамын, сені шайтанның досы болып кете ме деп уайымдаймын», – дейді».

Байқасаңыздар, Ибраһим Пайғамбар пұтқа табынушы әкесін жалғыз Аллаға ғана құлшылық жасауға шақырғанда, ең әуелі, ерекше мейірімге, жанашыр ниетке толы «Әкешім» деген сөзімен бастайды. Одан кейінгі аяттарда да дәл осы сөзді жиі пайдаланғанын, тіпті әрбір сөйлемін осы сөзбен бастағынына куә боламыз. Алғашқы аятта адам қолымен жасалған пұттардың адамға еш пайда тигізе алмайтындығын, сондықтан құлшылыққа лайық емес екенін түсіндіреді. Яғни ақылға салып, қисынға жүгінуге шақырады. Кейінгі аяттарды да Ибраһим Пайғамбардың әкесін «кәпір» деп кінәлау емес, «Алланың ғазабына дұшар боласың ба деп қорқамын, ақыретіңді ойлап мазам қашады, шайтанның қатарынан табыласың ба деп соны уайымдаймын» деген секілді шынайы жанашырлығын түсінеміз. Ал енді Ибраһимнің осынша мейірімге толы жанашыр жылы сөздеріне әкесі не деп жауап қатты екен? Келесі аятта әкесі сөзін «ботақаным» деп емес, «Ей, Ибраһим!» деп қатал бастайды да, «Жоқ әлде, сен менің құдайларымды тәрк етіп, олардан теріс айналдың ба? Егер сен бұдан бас тартпасаң, мен саған тас боратамын. Маған қараңды көрсетпе, кет!» деп қаһармен береді. Ал Ибраһим Пайғамбар болса, әкесінің осынау зіл батпан ауыр жауабын естігенде, ол да ашуына ерік беріп, бастағы мейірімге толы сөзінен айнып, биязы мінезінен жаңылып қалған жоқ. Керісінше, «Саған есендік пен амандық тілеймін. Сен үшін Раббымнан кешірім сұраймын»[4] деп тағы да жанашыр ниетін, мейірімге толы көңілін көрсетті. Ибраһим пайғамбардың пұтқа табынған әкесіне көрсеткен осынау ғибратқа толы іс-әрекеті уағыз-насихатта біздерге үлгі болуға тиіс.

Ендеше, дінде әрқашан байып сақтап, айналамыздағы адамдармен көркем мінез, мейірім мен игі істеріміз арқылы үлгі болуымыз қажет. Айналамызды бір күнде түзетеміз деп албыртып асыққаннан гөрі насихатымызды ұзақ уақыт болса да адамгершілікке толы қарым-қатынасқа негіздегеніміз жөн. Бүгін теріс бұрылып, сізден аулақ жүруге тырысқан адамдар бес жылдан, тіпті, он, жиырма жылдан кейін сізді іздеуі мүмкін. Сондықтан, олармен орнатылған бүгінгі қарым-қатынаста ертең олардың сіз үшін есігін жауып алатын қатал әрекетке барудан абай болған жөн. Бүгін «кәпір» деп теріс айналған адамдарымыз ертең бізден де тақуа, бізден де Аллаға жағымды адам болуы әбден мүмкін ғой.

Бірде Ардақты Пайғамбарымыздың жанына бір бәдауи келіп: «Уа Мұхаммед! Маған жақсылық жасап, жәрдем бер», – деп дүние сұрайды. Алла Елшсі сол сәтте әлгіге жанындағы бар дүниесін береді. Сонда бәдәуи азырқанған кейіп танытып: «Сен маған түк те жақсылық жасамадың», – деп салады. «Рахмет» дегеннің орнына бәдауидің айтқан бұл дөрекі сөзін естіген сол жердегі сахабалар ренжіп, ашулана ұмтыла бергенде Алла Елшісі: «Тынышталыңдар!», – деп оларды сабырға шықырады. Сосын әлгі адамды ертіп үйіне барады да тағы да бір нәрселерді қолына ұстатып, «енді риза бол!» дейді. Бәдәуи ризашылығын білдіріп, рахметін айтады. Сонда Алла Елшісі бәдәуиге: «Бағана асхабымның жанында маған айтқан бейриза сөздеріңе олар ренжіп қалды. Маған айтқан қазіргі ризашылығыңды солардың алдына барып тағы да білдірсең», – дейді. Бәдәуи сахабалардың алдына барып тағы бір рет Алла Расулына ризашылығын білдіреді. Сөйтіп, бәдәуи кеткеннен кейіп Адамзаттың Асыл Тәжі (с.ғ.с.) асхабына былай дейді: «Сендер мен менің және үмбетімнің мысалы мынаған ұқсайды: бір кісінің аты қаша жөнеледі, мұны көрген адамдар әлгі адамға көмектеспек ниетпен атын ұстап беруге ұмтылып, артынан қуалайды. Ал ат одан бетер үркіп қаша түседі. Сонда аттың иесі адамдарға «Уа, жарандар! Көмектеріңе көп рахмет! Атты үркітпеңдер, былай тұрыңдар!» деп етегіне жем салып, моһ-моһтап атын ақырын шақырады да ұстап алады. Міне, сендер мен менің және үмбетімнің мысалы дәл осыған ұқсайды. Бағанағы бәдауиге сендер ренжіп кейіс білдіріп, ашуға берілдіңдер. Егер мен сендерге ергенде ол бәдәуи бейриза күйінде кететін еді де, исламнан мақрұм қалатын еді», – дейді»

Сөзімізден бұрын үлгілі ісіміз бен салихалы амалымыз жүруі керек. Әрине, оңтайлы сәттерді пайдаланып тіліміздің жеткенінше дініміздің құндылықтарын жеткізуді яки бізден де жақсы айтатын адамдармен сұхбат жағдайын жасауды ұмытпауымыз керек. Мүмкін тыңдаушымызға сәтті жазылған жақсы кітап сыйлау арқылы дін насихатын жеткізу ұтымды әрі әлде қайда пайдалы болуы мүмкін.

Көбіне жасы үлкендеу, қоғамда өзіндік орны бар, жеке амбициясы қалыптасып үлгерген, тіпті көбіне адамдарға ақыл айтып, ел басқарып үйренген адам діннен мүлде хабары жоқ болса да, сенің дін жайында айтқан әңгіме, уағызыңа ат үсті, кейде мұрын шүйіре «мен де білемін» деген мінезбен қарауы мүмкін. Сондықтан, уағыз айтқанда әр адамның жеке жағдайы мен табиғатына, білім деңгейі мен қоғамдағы орнына сай ыңғайлы тәсілді таңдай білу – насихаттың оң әсерін арттыру тұрғысынан өте маңызды.

Біз өзіміз қай салада болсақ та өз ісіміздің шебері, майталман маманы бола білсек, білімімізді әрдайым шыңдап, бойымызды барша адами қасиеттермен безендіре білсек, мұны байқаған айналамыздағы адамдар жетістігіміздің тамырын ұстанып отырған дінімізден іздейтіні сөзсіз. Өз ісін тыңғылықты атқаратын, жығылғанға сүйеу, қиналғанға қамқор, айналасына мейірбан бола білген мұндай адамның айтар қарапайым сөзінің өзі айналаға әсерлі уағыз болып, жасаған қарапайым іс-әрекетінің өзі ғибратқа айналады.

[1] Мумтахина сүресі, 7-аят. 
[2] Сахихул-Бұхари. 1-том, 137-бет. «Дәру Ибни Кәсир баспасы», Бәйрут, 1987 ж. 
[3]Сахихул-Бұхари. 3-том, 1282-бет. «Дәру Ибни Кәсир баспасы», Бәйрут, 1987 ж. Сахих Муслим, 4-том, 2110-бет. «Дәру Ихиа'ит-турасил-араби» баспасы, Бәйрут. 
[4] «Мариям» сүресі, 42-47 аяттар.

Пікірлер Кіру