Некесіз бала ібілістің жауынгері ме?

16 шілде 2018 2239 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум.

Некесіз баланы некелі отбасы асырап алса, балаға некесіз туылғаны болашағына әсері қандай? Некесіз туылғандар ібілістің жауынгерлері дейді ғой, сол жауынгерді асыраған болып қалмайды ма? Рахмет

Ибиров Баглан


Жауап

алейкум салам.

Некесіз туылған бала ібілістің жауынгері деген сөздің Алланың асыл дініне қатысы жоқ. Бұл сөз Құранда да, хадисте де, үмметтің ірі ғалымдарының сөздерінде де байқалмаған. Әрі бұл сөз дұрыс ақылға да қайшы келеді. Себебі некесіз туылған бала некесіз туылғаны үшін жауапты емес қой. Ол үшін жауапты адамдар – некесіз қарым-қатынас құрып, зина жасаған биологиялық ата-анасы.

Ал баланың өзіне келсек, ол өзге адамдар сияқты өзінің істеген іс-әрекеті үшін ғана жауапқа тартылады. Себебі Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әрбіреудің істегені өзіне тән. Біреудің күнәсын екінші біреу көтермейді»[1], – дейді. Егер ол бала зұлымдыққа мейіл болса: «(Алла) Залымдарға күйзелтуші азап даярлады»[2], ал егер иман етіп туралыққа мейіл болса: «Күдіксіз иман келтіріп, түзу іс істегендер, олар үшін нығметі түгемейтін бақшалар бар»[3]. Ендеше баланы әке-шешесінің күнәсі үшін мінеп, өзгенің қатесі үшін баланы айыптау дұрыс іс емес.

Кей адамдар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Ойнастықтан болған бала жаннатқа кірмейді» деген хадисы бар деуі мүмкін. Алайда бұл сөздің Пайғамбарымызға (с.ғ.с) еш қатысы жоқ. Имам Мулла Қари да, Имам Ибн Жаузи де бұл сөздің Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) атынан айтылған тоқыма хадис екенін баяндаған.

Ендеше, некелі адамдар кез-келген жетім баланы қарамағына алып қамқоршы бола алады. Жетім балаға қамқорлық жасаушы адам туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Менімен жетімге қамқор болған адам екеуміз жаннатта мынадай боламыз»[4] деп сұқ саусағы мен ортаңғы саусағын көрсеткен. Осылайша, жетімге қамқор болған адамның жаннаттық болатынын, онымен қоса жаннатта Өзімен (с.ғ.с) бірге болатынын сүйіншілеуде.

Тоқетері: некесіз туылған жетім бала – Алланың құлы. Ібілістің әскері де, меншігі де емес. Ол некесіз туған әке-шешесінің күнәсін арқаламайды. Оның болашағы әке-шешесінің күнәсіне емес, көрген тәрбиесіне құрылады. Сол үшін оның болашағы қамқорлық жасаған адамдарына байланысты. Жетімге қамқорлық жасаушы адам, баланың түрі, түсі, әке-шешесінің кім болғанына қарамастан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жоғарыда келтірілген хадисіндегі сүйіншіге ортақ болады.

Сәттілік иесі Алла ғана.

Айбек Әбдіқадыр

Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] Әнғам 164

[2] Инсан 31

[3] Лұқман 8

[4] Тирмизи

Пікірлер Кіру