Құрбан шалу кімдерге уәжіп болады?

15 тамыз 2018 559 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Сұрайын дегенім, құрбандық шалу барлық мұсылмандарға бірдей міндетті ме? Құрбандық шалмауға рұқсат етілетін жағдайлар бар ма?


Жауап

Уағалейкумассалам! Ханафи мәзһабында құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп.

Уәжіптігінің дәлелдері:

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал»[1] – деп, әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп бұйырған. Әрине, бұндай қатаң ескерту, кем дегенде, құрбан шалудың уәжіптігін білдірсе керек.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибраһим әкелеріңнің сүннеті», – деуі құрбан шалудың уәжіптігіне теріс емес. Өйткені «сүннет» жолы деген мағынаны білдіреді. Яғни, бізге уәжіп болған құрбан шалу – Ибраһимнің (ғ.с.) жалғаса келген жолы деген мағынаны меңзейді.

Құрбан шалу кімдерге уәжіп?

Құрбан шалу белгілі бір адамға уәжіп болу үшін төмендегі шарттар керек.

1. Мұсылман болу

2. Құрбан айт уақытында жолаушы болмау

3. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес.

Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны сияқты, тек қана етін пайдалану үшін де союға болады.

 

[1] «Кәусар» сүресі.

Пікірлер Кіру