Хадисте айтылған қара иттің бәрі шайтан ба?

04 қыркүйек 2020 6979 0
Оқу режимі

Ассаламағалейкум! «Қара ит – бұл  шайтан» деген хадис бар екен? Сонда қара итті асырауға болмай ма?             


Жауап

Уағалейкумассалам! Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) қара ит жайлы хадис келгені рас. «Жабир ибн Абдулла (Алла ол кісіге разы болсын) былай әңгімелейді: «Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с.) біздерге бос жүрген иттерді өлтіруді бұйырды. Сол мезетте қала сыртынан бөтен бір әйел итімен бірге келген еді. Біз оның итін өлтіретінімізді айтқанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) біздерді тоқтатып: «Тек қана тұла бойы қап-қара, екі көзінің үстінде ақ белгісі бар итті өлтіріңдер! Расында ол - шайтан», - деп  ескертті»[1].

وعن جابر قال‏:‏ ‏(‏أمرنا رسول اللّه صلى اللّه عليه وآله وسلم بقتل كل الكلاب حتى أن المرأة تقدم من البادية بكلبها فنقتله ثم نهى رسول اللّه صلى اللّه عليه وآله وسلم عن قتلها وقال‏:‏ عليكم بالأسود البهيم ذي النقطتين فإنه شيطان‏)‏‏.‏

رواه أحمد ومسلم‏ 

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл хадисіне ғұламаларымыз әртүрлі түсініктеме берген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) иттерді өлтіруге байланысты бұйрық беруіне сол кездегі белгілі бір себептер түрткі болғанын алға тартады. Ыдыстардағы таза суларды қаңғыған иттердің былғап кетуінен деп те түсіндіреді. Хадисті басқалай түсініп қалмауымыз керек. Ал, қара ит жайлы айтқанына келер болсақ, ғұламаларымыз бұған да әртүрлі көзқараста.

Ханбали мәзһабының кейбір ғалымдары бұл хадисті тікелей мағынада алып: «Қара ит ол – ит бейнесіне енген шайтан» деген ұғыммен оны өлтіріп тастау керек деген пікірлер айтқан болса, басқа ғалымдар пайдасы жоқ, құтырған немесе қабаған ит болса ғана өлтіруге рұқсат деген пікірде. Қорыта келе айтарымыз, жалпы қара ит асырау шариғатымызда мәкруһ болып табылады. Мақұлданбайтын амал болып есептеледі. Себебі, қара ит адамдарға, жас балаларға көп жағдайда қорқыныш алып келетінін де ескерген жөн, - дейді ғалымдарымыз.


[1] Ахмад

Асқар Мұқанов

Пікірлер Кіру