ҚАРТТЫҚ— ӘЛСІЗДІК ЕМЕС, НӘЗІКТІК

21 шілде 2025 296 0
Оқу режимі

Жас ұлғайған сайын адам ағзасы нәзік тартатынын түсінгендейміз. Бұрынғыдай лапылдаудан қалып, сабыр мен салмақ иектей береді ме деймін. Алайда мұны әлсіздік демес едім. Бұл – табиғаттың адамға: "өзіңді аяла" дейтін ымы болса керек.

Жас кезде көзге ілмеген болмашы ауырсыну егде тартқанда бүкіл жүйкеңе тарайтын сырқатқа айналатынын дер кезінде елеп-ескере бермейтініміз рас қой.

Кеше ғана сергек сезінген жан бүгін орнынан тұруға ерінетінін байқағанда біртүрлі ойланып қалады екенсің. Көңіл – жас, ал тәннің өз заңы бар. Ол сол заңмен өмір сүреді.

Тән – бізге Жаратушыдан жеткен аманат. Ол тозатын, шаршайтын, тыныштық тілейтін тірі механизм.

Жас келгенде денсаулыққа күтім тек ем-доммен шектелмейтіні тағы бар. Жан мен тәннің тыныштығы, тыныш ұйқы, таза ауа, көңілге ауыр сөз дарытпау, жанды жаралайтын ақпаратқа шектеу қою, артық салмақтан сақтану, қарапайым жаттығу, өмірдің кішкентай қуаныштарына да шүкіршілік ету, өзіңе тым қатал болмау - бәрі денсаулық кепілі.

Кейде біз ауырған жерімізді ғана емдейміз. Бірақ жас келгенде денені түгелдей күту – саналы ұстанымға айналса құба-құп.

Дәрігер – қажетті сәтте кеңес беруші. Ал ең үлкен емші – өзімізге деген жанашырлық.

Сол жанашырлық болмаған жерде қымбат дәрі де көмектесе алмайды десем сенесіздер ме?

Күн сайын өзіңізге бір жақсылық жасаңыз: таза су ішіңіз, серуенге шығыңыз, терең тыныс алыңыз, жақсы кітап оқыңыз, жақсы ортамен араласыңыз, рухани азық алыңыз. Сонда тәніңіз де, жаныңыз да сізге риза.

Қарттық – қорқынышты кезең емес. Қарттық – егер оған даналықпен қарап, тәніңізбен достаса білсеңіз, тіпті ең тыныш, ең терең, ең бақытты кезеңге айналады.

 

Гүлмәрия БАРМАНБЕКОВА

 

Пікірлер Кіру