ҚАЖЫМҰҚАН ҰЙҚЫСЫНАН ТҰРА САЛА ЖУЫНЫП, НАМАЗ ОҚЫДЫ...

21 шілде 2025 312 0
Оқу режимі

Қажымұқанның теңдессіз палуандығымен қатар, дінге жақын, иманды жан болғанын дәлелдейтін естеліктер де баршылық. Бірінші әйелі, орыс қызы Надежда Чепковскаяны алғанда өзге қазақ зиялыларындай Қажымұқан да некесін мұсылманша қидырып, әйеліне Ислам дінін қабылдатады. Надежда атты есімін өзгерткізіп, ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүйікті қызы Фатиманың атын бергізеді. Кейін халық оны «Бәтима» атап кетеді. Бұл туралы Надежда Чепковскаяның өзі «Күш атасы» кітапта:

«Қажымұқан өте сымбатты, бойшаң, қараторы жігіт болатын. Шынымды айтсам, мен оны бір көргеннен-ақ ұнатып қалдым. Цирк ойыны мен күрес екі айға созылды, біздің танысқанымызға да екі айдай уақыт болды. Осы мерзім ішінде екеуіміздің арамызда махаббат оты тұтанып, өмірлік дос болуға бел байластық. Қажымұқан мені өз еліне, Омбыға алып баратынын айтты. Мен болсам, Мұқанға сенгенім соншалық, ұлты, салты басқа адам болса да енді маған ешкімнің зекіп сөйлеп, зәбірлік жасай алмайтынына көзім жеткендіктен шексіз қуаныш үстінде едім. Әлі есімде, Омбыға келген соң ғана өмірімнің өзгеріп, нұрланып, шаттыққа, жақсылыққа бөленгенін сезіндім. Қазақ халқының жайдары жүзді меймандостығы, бауырмалдығы бірден баурап әкетті. Омбы қазақтары мені басқа ұлттың баласы деп жат көрмей бауырына басып, туысқандай қарсы алып, «келін келді, той болады» деп қуанысып жатты.

Омбыға келгеннен соң көп ұзамай, мені мешітке апарып Хасен деген молдаға некемізді қидырды. Сон күннен бастап мен «Қажымұқанның зайыбы Бәтима» атандым», – деп еске алады. Қажымұқанның бұл әйелінен туған екі ұл – Халиолла мен Ғабдолланың есімдерінің де мұсылманша қойылуы көп нәрсені аңғартса керек.

Қажымұқан бертінірек, 1948 жылы қайтыс болды. Сондықтан оның көзін көрген көнекөз қариялардың көпшілігінің көзі бүгінде тірі. Палуанның кейінгі өмірі туралы олардың айтқан естеліктері баршылық. Міне, сол естеліктерде Қажымұқан өмірінің соңғы жылдарында бес уақыт намаз оқып, Аллаға құлшылық еткені айтылады. Палуанның ұлы Айдарханның досы болған, Қажымұқанды кішкентай кезінде көрген Әшімбай Өткелбаев ақсақал: «Қазандағы ет піскенше Айдархан екеуміз гүл теруге кеткенбіз. Келсек, ата төсекте домбырасын шертіп жатыр екен. Ет жеп болған соң ол кісі қорылдап ұйқыға басты. Сізге өтірік, маған шын, қорылынан бүкіл дала гүрілдегендей.

Ұйқысынан тұра сала жуынып, намаз оқыды. Құлшылық жасап болып төмен қарай сәл жүгіріп, тоқтады да, атқосшысы жанына сүйрелеп әкеп берген үлкен кір тастарын көтере бастады», – деген естелік айтқан. Осының өзі атағы әлемді шарлаған алып палуанның дінге қаншалықты жақын болғанының дәлелі болса керек.

 

Бекболат Нажмиддинов

Пікірлер Кіру