ЖАҚСЫ МҰСЫЛМАН МЕШІТТІҢ ІШІНДЕ ЕМЕС, ТЫСЫНДА БЕЛГІЛІ БОЛАДЫ

«Жақсы мұсылман мешіттің ішінде емес, тысында белгілі болады. Сауда-саттық, ақша, пұл, касса, бәсеке... Міне, осындай ортада сен қандайсың, маңыздысы осы. Мешіттің ішінде бәрі мүбарак, ол жерде мәселе жоқ. Сыртта қандайсың?» (Нұреттин Топшы)
***
Міне, бар мәселе осында жатыр. Мұсылмандардың дін ұстануындағы проблемасы осы жерде. Мешіттің ішінде бәріміз діндармыз, сыртқа шыққанда діндарлығымызды мешітте тастап кетеміз. Сыртта әркіммен ұрысамыз, жұлысамыз, ақысын жейміз, аяғынан шаламыз, аяусыздыққа барамыз.
Жалпы, адамның Құдаймен қарым-қатынасы адамдармен қарым-қатынасында да көрінісін береді. Адамдармен қарым-қатынас дұрыс болмаса, демек Жаратқанмен қарым-қатынасыңда да проблема бар деген сөз.
Абайдың:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті», – деген өлеңінде де жоғарыда айтылған концепция жатыр.
Алланы сүймейінше, адамзатты да сүйе алмайсың. Адамзатқа жау болсаң, Құдайға да қассың.
Сопылардың адам көңілін жараламауға қатты көңіл бөлуінің мәні осында. Себебі, адамның негізгі болмысы саналған көңілі, жүрегі – Алланың махаббатпен жаратқан аяулы дүниесі. Көңіл – Алланың көркем есімдерін шағылыстыра алатын айна іспеттес.
Пайғамбарымыздың: «Аллаһ сендердің түрлеріңе де, малдарыңа да қарамайды, тек жүректеріңе, көңілдеріңе қарайды», – деуінің мәнісі де осында. Яғни, көңіл – Жаратқанның назары түсетін айнасы.
Сондықтан да, Жәләләддин Руми Мәулана:
«Қағба – Азардың ұлы Халил Ибраһимнің салған ғимараты. Ал көңіл (жүрек) болса, Алланың назары түсетін мекен. Сол себепті, біреудің көңілін бұзу мың Қағбаны қиратудан да жаман», – деген.
Ендеше, адамның көңілден аяулы жері жоқ. Сондықтан да, қазақ «Достың көңілі шарайна, сындырып алма, абайла!» – дейді.
Салтан САЙРАНҰЛЫ