Бас мешітте Шағбан айының құрметіне ауызашар берілді (ФОТО)

08 мамыр 2018 11251 0
Оқу режимі

Кеше Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде Шағбан айының құрметіне орай ауызашар дастарханы жайылып, ғибратты отырыс өтті. Елорда имамдары мен «Астана» медресесінің шәкірттері, мешіт жамағаты бас қосқан берекелі дастархан басында келелі уағыз айтылып, келген жандар рухани азыққа да молынан кенелді.

Ардақты Алла елшісі (с.ғ.с.) «адамдардың көпшілігі Ережеп пен Рамазан айларының ортасында мән бермей кететін ай» деп, сахабаларына үлгі болып ең көп ораза ұстайтын ай осы Шағбан айы болған. Сондай-ақ, Сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне сай дүйсенбі күніне орай жайылған дастархан қонақтарының қатары көңіл сүйсінтіп, көз қуантты. Алла разылығы үшін ақ дастархан жайып, адал ниетпен жасаған ісінің жасырын болуын қалаған жандардың іздеген сауабы осы емес пе?!

Қасиетті Құран аяттары оқылып, ғибратты уағыз-насихат айтылып, айнала ақжарқын адамдардың риясыз күлкісі мен салиқалы әңгімелеріне толы өткен ауызашар дастарханы осылайша Елорда жамағатын Рамазан айына бір дайындап алды. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде «Шағбан айы кіргенде, өздеріңізді тазалаңыздар және ниеттеріңізді дұрыстаңыздар» деп өсиет еткен екен. Қасиетті Рамазанға деген сағынышты еселеп, талпындыра түскен ауызашар дастарханынан біз де ерекше әсерленіп қайттық. Санамызда жаңа естіген Сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дұғасы:  «Алла Тағалам! Ережеп пен Шағбан айларын берекелі қыла гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткізе гөр!»

Пікірлер Кіру