Бас мүфти Астанада тұрмысы төмен отбасыларға ауызашар берді (ФОТО)

04 маусым 2018 8145 0
Оқу режимі

Бүгін ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде ауызашар берді. 800 жанға арналып жайылған ақ дастархан басына Елордамыздағы тұрмысы төмен отбасылар, Қарттар үйінің ардагер ақсақалдары мен Балалар үйінің тәрбиеленушілері, түрлі қоғамдық ұйым мүшелері, ұстаздар қауымы мен журналистер, зиялы қауым өкілдері мен мұсылман мемлекеттерінің елшілері және ҚМДБ қызметкерлері мен мешіт жамағаты шақырылып, Бас мүфтимен бірге ауыз ашып, берекелі отырысқа қатысып қайтты.

Берекелі Рамазан дастарханы аясында қасиетті Құран аяттары оқылып, дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеген тағылымды уағыздар айтылды. Бас мүфти Серікбай қажы Ораз бүгінгі ауызашар дастарханына жиылған жамағатқа өз алғысын білдіріп, Алла Тағала құзырында дәрежесі ерекше болған қасиетті Рамазан айымен құттықтап өтті. Мүбәрак айдың күнін оразамен, түнін тарауихпен әдіптеген иманды жамағатпен бүгін бір дастархан басында бас қосып, берекелі ауызашар өткізуді нәсіп еткен Жаратушы Аллаға сансыз шүкірлігін жеткізді.

Ауызашар дастарханына жиылған жамағатқа қазақы қара өлеңнен де сыбаға тартылып, тағылымы терең терме де орындалды. «Жақсымен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» деп атам қазақ айтпақшы, еліміздің Бас мешітіндегі бүгінгі ауызашар дастарханы жамағатты рухани нәрлендіріп, қасиетті Рамазан айының қадірін арттыра түсті.

Пікірлер Кіру