«ДІН МЕН ДӘСТҮР»: АСТАНАДА КЕЛІНДЕР САЙЫСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫ КЕШІ ӨТТІ (ФОТО)

11 қараша 2024 213 0
Оқу режимі

ҚМДБ Астана қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен «Дін мен дәстүр» бағыты аясында Астана қаласындағы «Ханшатыр» ойын-сауық орталығында «Дәстүрім, дінім – діңгегім» атты келіндер сайысын қорытындылаған кеш болып өтті.

Рухани құндылықтарымызды паш ететін шараға ҚМДБ Дін мен дәстүр бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Әуесханұлы, Астана қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов, ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Динара Құтқожақызы, «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Күлсара Бекет және әйел жамағаты мен қыз-келіншектер қатысты. 

Бағзыдан жалғасып, бүгінге дейін тізбектеліп жеткен қазақ келіндеріне тән әдеп пен иба, үлкенге деген құрмет пен сыйластық, әдет-ғұрыпқа деген беріктікті насихаттайтын сайыста қатысушы қыз-келіншектер бар өнерін ортаға салды. Кәсіби әншілердің қатысуымен дәстүрлі әндер шырқалып, жас айтыскерлердің қатысуымен айтыс ұйымдастырылды.

Шара барысында «Бастаңғы», «Бесікке салу», «Келін көңілі», «Құрсақ шашу», «Өңіржиек тағу», «Сәлем салу», «Табақ сәлемі», «Тұсау кесу» сынды жөн-жоралғылар орындалды. Сондай-ақ, жуырда ғана «Aq meshit» мешітінде өткен «Қазақтың келіндері-ай!» атты сайыс жеңімпаздары анықталып, сыйлықтармен марапатталды. 

Суреттерді толығырақ «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

Пікірлер Кіру